×

АЭС еліміздің бірнеше өңірінде салынуы керек – сарапшы

Еліміздің батысы электр энергиясына мұқтаж

 Дәурен Ерболат 02.02.2024 | 14:37
Фото: pixabay.com

Атом электр станциясын (АЭС) Қазақстанның бірнеше өңіріне салу керек. Бұл туралы «Прозрачный тариф» қауымдастығының төрағасы Петр Своик айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Еліміздегі бірінші атом электр станциясын (АЭС) Балқаш көлі маңындағы Үлкен ауылына салу керек. Себебі бұл нысан Қазақстанның солтүстігі мен оңтүстігін жалғайтын көпір болады. Біз мұнда үлкен станция салсақ, оңтүстікті (электр энергиясымен) толық қамтамасыз ету мәселесін шешеміз. Сондықтан нысанды Балқаш көліне салуымыз керек. Жалпы Түркиядағы сияқты 3 блоктан тұратын АЭС тұрғызу шарт, - деді Петр Своик.

Оның пікірінше, елімізге бірнеше АЭС қажет.

«АЭС-ты басқа қайда салуымыз керек? Курчатов қаласына... Ақтауға да салуымыз керек. Себебі Қазақстанның батыс өңірінде электр тапшылығы бар», - деді сарапшы.

Сондай-ақ ол шағын атом электр станцияларының тәжірибесін назарға алуды ұсынды.

Қазір шағын модульді реакторлар дамып жатыр. 3-4 жылдан соң оларды Қазақстанның кез келген жеріне орналастыруға болады. Себебі жеріміз кең. Мұндай шағын реакторларды Талдықорған, Қызылорда және Жезқазғанға қоюға болады. Ол шағын, сенімді энергия көзі бола алады, - деді қауымдастық төрағасы.

Бұған дейін Қазақстанда АЭС-тің 2035 жылы іске қосылуы мүмкін екендігі айтылған еді.

2023 жылғы 1 қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде АЭС салу-салмау мәселесін жалпыұлттық референдум арқылы шешуді ұсынған болатын.

Атом энергетикасын дамыту аса маңызды экономикалық және саяси мәселеге айналды. Атом электр станциясын салу қажет пе, жоқ па деген сауалға қатысты түрлі пікір бар екенін білесіздер. Қазақстан – әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет. Ендеше, өз жерімізде атом станциясын салуға әбден хақымыз бар. Кейбір сарапшылар шағын ядролық станциялар салу керек деген пікір айтады. Алайда көптеген азамат пен бірқатар сарапшы ядролық станцияның қауіпсіздігіне күмәнмен қарайды, - деді мемлекет басшысы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама