×

#Қазақстанмұғалімдері байқауының жеңімпаздары белгілі болды

Жобаның ресми хэштегтері бойынша қаралым саны 800 миллионнан асты

 Динара Амантай 31.01.2024 | 11:24
Фото: Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

Ғани Бейсембаев #Қазақстанмұғалімдері байқауының жеңімпаздарымен кездесті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Алматы қаласы, Павлодар мен Жетісу облыстарынан келген 3 педагогке соңғы үлгідегі смартфондар тарту етілді.

Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен TikTok платформасы өткен жылдың қарашасында #Қазақстанмұғалімдері немесе #УчителяКазахстана ортақ хэштегімен педагогтерге арналған креативті байқау өткізген еді. Онда педагогтерге пайдалы лайфхактардан бастап, күнделікті ағартушылық қызметтен сторителлингтерге дейінгі роликтерді жариялау қажет болды.

Айта кетсек, биыл жоба бұрынғыдан да ауқымды болып, байқауға мектеп мұғалімдері де, колледж оқытушылары да қатысты. #Қазақстанмұғалімдері және #УчителяКазахстана жобасының ресми хэштегтері бойынша жалпы қаралым саны 800 миллионнан асты.

Байқау қорытындысы бойынша «TikTok 2023 мұғалімі» номинациясы бойынша алматылық физика пәнінің мұғалімі Хайдар Мырзахметов @neverhaid, «Мұғалім-жаңалық» номинациясы бойынша Жетісу облысы, Алакөл ауданы, Достық ауылының 30 жылдан астам еңбек өтілі бар орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші Ботагоз Омарова @Botagozomarova2, ал «Үздік бейнеролик» номинациясында Павлодарлық жас бастауыш сынып мұғалімі, педагог-зерттеуші Игорь Гноевой @igor.andreewich жеңімпаз атанды.

Өзімнің бейнероликтерімде мамандығымыздың қаншалықты маңызды екенін және бастысы, балалармен ортақ тіл таба білу қажеттілігін көрсеткім келді. Өйткені балалардың белгілі бір пәнге қызығуы сабақтың, тапсырмалардың қызықты берілуіне байланысты, – деді павлодарлық мұғалім.

Жеңімпаздарды Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен TikTok өкілдері құттықтап, бағалы сыйлықтар: IPhone 15 Promax смартфондары мен алғыс хаттар табыс етті. Сондай-ақ жоба жеңімпаздары министрліктің жаңа жобаларына шақырту алды.

Цифрландыру дәуірінде педагогтерге балалардың назарын аударту қиынға соғатыны белгілі. Қазір білімге қатысты контентті танымал ету бұрынғыдан да маңызды. Оқыту процесінде осындай шығармашылық тәсілдерді қолдану мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынасты қалыптастыруға көмектеседі. Біздің педагогтердің ғылымды, мектеп пәндерін дәріптеу жөніндегі бастамалары TikTok жетекші платформасының өкілдері тарапынан қолдау тапқаны қуантады, - деп атап өтті Ғани Бейсембаев.

Кездесу соңында Қазақстанның барлық креативті педагогтерінің қатысуымен ірі іс-шара өткізу туралы шешім қабылданды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама