×

Сен әлемді өзгерту үшін дүниеге келдің - украин қызының таланты Димашты таңғалдырды

Амелия Анисович 9 жаста

 Халық үні 30.01.2024 | 21:53
фото: видеодан скриншот

 «Сен әлемді өзгерту үшін дүниеге келгенсің». Димаш Құдайберген Мажарстандағы Virtuosos V4+ таланттар байқауының финалында өнер көрсеткен украиналық Амелия Анисовичке осындай пікір айтты. 

Амелияның басқа қатысушылардан ерекшелігі — ол бұған дейін өз еліндегі соғыс кезінде бомбадан қорғанатын панажайда ән шырқап, болашаққа деген үміт пен сенімнің символына айналған еді. Сол сәттегі видеосы әлеуметтік желілерде кең тарап, өнерпаз бүлдіршін әлемге танылған болатын. 

Танымал әнші Димаш Құдайберген Мажарстандағы Virtuosos V4+ таланттар байқауында қазылық етті. Virtuosos V4+ — өзгеше форматты классикалық музыка алаңындағы таланттар шоуы. Ол жас әртістердің талантын ашуға және жас музыканттардың дамуына мүмкіндіктер беретін ерекше шоу.

Байқау Мажарстанның жетекші музыкалық жоғары оқу орны - Будапешттегі Франц Лист атындағы музыка академиясында өтеді. Халықаралық қазылар алқасының құрамында Димаштан бөлек әлемдік әнші Пласидо Доминго, гитарист Пабло Сайнц Вильегас, Чески Крумлов атындағы халықаралық музыка фестивалінің көркемдік жетекшісі Габриэла Рачиди, продюсер Харви Голдсмит және танымал виолончельист Степан Хаузер бар.

Жоба финалында Мажарстан, Польша, Словакия, Украина, Чехиядан келген жас музыканттар өнер көрсетті. Олар фортепиано, кларнет, гобой, скрипка және арфада ойнады. Көптеген қатысушылар қазылар алқасының жеке мақтауына ие болды, ал Польшадан келген гобой рындаушысы Малгоржата Цешко Димаштан жеке концертке қатысуға шақыру алды.

Сонымен бірге, Димаш Украинадан келген байқаудың ең кішкентай қатысушысы Амелия Анисовичтің дауысын ерекше мақтады. Амелия Анисович 9 жаста. Ол Украиндағы бомбадан қорғанатын панажайларда адамдарға үміт пен қуаныш сыйлау үшін, көңілін аулау үшін ән салуын тоқтатпаған. Байқау финалында «Мұзды өлке» анимациялық фильмінің «Let it go» саундтрегін орындаған. Байқау ұйымдастырушылары Амелиді үміт пен бейбітшіліктің және батылдықтың символы деп атап кетті.

«Қатты таң қалып отырмын. Талантың үшін рахмет. Сен әлемді өзгерту үшін дүниеге келдің деп ойлаймын», — деді Димаш Құдайберген.

Шоу финалында халықаралық қазылар алқасының музыканттары Эрик Миклош, кіші Пласидо Доминго, Димаш Құдайберген, Элина Нечаева, классикалық гитарист Петар Чулич және Амелия Анисович Паннон филармониялық оркестрінің сүйемелдеуімен Майкл Джексонның әйгілі «Heal the World» әнін шырқады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама