×

Шыңжаңда 7,1 балдық жер сілкінісінен 47 үй қирап қалды

Зілзаладан 78 адам зардап шекті

 Дастан Жұмабекұлы 23.01.2024 | 14:29
Фото: bbc.com

Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданы Ақсу округының Уши уезінде 7,1 балл жер сілкінісі болды. Бұл туралы ТАСС агенттігі ҚХР Сейсмологиялық орталығының мәліметіне сілтеме жасап хабарлады.

Сейсмологиялық орталықтың мәліметіне қарағанда, зілзала өлкенің орталығы – Үрімжіде, оған жақын маңдағы аудандарда өте күшті сезілген. Соның салдарынан 47 үй қирап, 78 адам зардап шеккен. Жараланған адамдар да бар.

Жер сілкінісі 23 қаңтарда сағат 02:09-да болған. Ошақтық тереңдігі – 22 шақырым.

Зілзала Ақсу, Атуш, Қотан, Қашқар, Іле, Қорла, Қарамай мен басқа жерлерде қатты сезілді.

7,1 балдық жер сілкінісінен кейін тағы дүмпулер болды. Қытай сейсмологиялық орталығының дерегіне сүйенсек, магнитудасы 5,3-тен көп зілзала тіркелген. Таңғы сағат 8:00 шамасында магнитудасы 3,0 немесе одан да көп 40 афтер сілкінісі болған.

Жер сілкінісі Қазақстан, Қырғызстан мен Өзбекстанның аумағында да байқалды.

Елімізде қуатты дүмпу негізінен Алматы қаласында тіркелген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама