×

Қазақстанда жаңа ұлттық холдинг құрылды

Денсаулық сақтау министрлігі тиісті саланы басқару жөніндегі уәкілетті орган болып белгіленді

 Халық үні 23.12.2021 | 13:17
көрнекі фото: primeminister.kz

Қазақстанда жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын «QazBioPharm ұлттық холдингі» құрылды. ҚР нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесінде жаңа холдинг құру бойынша Үкімет қаулысы жарияланды.

Холдинг қызметінің негізгі мәні: биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, биофармацевтикалық нарық инфрақұрылымын орнықты дамыту және жетілдіру, биофармацевтикалық ғылым мен өнеркәсіпті дамытуды ынталандыру, сондай-ақ мемлекет пен қоғамның биофармацевтикалық өнімге қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында жарғылық капиталдарына мемлекеттік қатысу үлестері холдингтің иелік етуі мен пайдалануына берілетін заңды тұлғаларды тиімді басқару.

Холдинг акциясының мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану құқығын Денсаулық сақтау министрлігі береді.

QazBioPharm жарғылық капиталы «Инфекцияға қарсы препараттар ғылыми орталығы» акционерлік қоғамы акцияларының мемлекеттік пакетін беру есебінен қарастырылады.

Сонымен қатар, Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті Денсаулық сақтау министрлігі құзырына беріледі:

  • Биологиялық қауіпсіздік мәселелерінің ғылыми-зерттеу институты;
  • Ұлттық биотехнология орталығы (ҰБО);
  • Республикалық микроорганизмдер коллекциясы (РКМ).

Денсаулық сақтау министрлігі тиісті саланы басқару жөніндегі уәкілетті орган болып белгіленді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама