×

СІМ Нигерде төлқұжаты тәркіленген қазақстандықтар туралы түсінік берді

Былтыр бұл елде әскери төңкеріс болған

 Дәурен Ерболат 22.01.2024 | 14:35
Фото: gov.kz

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Нигерде қалып қойған қазақстандықтар туралы түсінік берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, бұған дейін Қазақстан азаматтары Нигерде қамауға алынды деген ақпарат тараған.

Бұл мәлімет шындыққа жанаспайды. Азаматтарымыз осы елде. Олар өз еркімен жүре алады. Бірақ төлқұжаттарын алып қойған, - деді Айбек Смадияров СІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Бүгінде дипломаттар бұл мәселені шешу үшін жұмыс істеп жатыр.

Нигер астанасы Ниамейде Қазақстан азаматтарының ұсталғаны туралы ақпаратты алғаннан кейін 9-12 қаңтарда Қазақстанның Мысырдағы консулы Нигер астанасына барды. Онда Сыртқы істер және Ішкі істер министрліктерінің өкілдерімен, сондай-ақ Нигердің Қарулы күштері бас штабының басшылығымен кездесті, - деді ресми өкіл.

Ол 2023 жылғы шілдеде ол елде әскери төңкеріс болғанын еске салды.

Осыған байланысты Нигердің мемлекеттік органдарымен өзара әрекеттесуде қиындық туындап отыр. Біздің дипломаттар Нигердің тиісті органдарына ресми сауалдар жолдады. Отандастырымызды Қазақстанға қайтару бойынша шаралар қабылданып жатыр. Азаматтарымыз қамауға алынбаған, жүріп-тұруына шектеу қойылмаған. Екеуі де қонақ үйде тұрады. Бірақ жергілікті әскерилер олардың төлқұжаттарын тәркілеп алған. Қазір мәселені шешу үшін бар күшімізді салып жатырмыз, - деді Айбек Смадияров.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама