×

Нысана көздеуден Қазақстан командасы Олимпиадаға бес жолдама алды

Азия чемпионатында ұлттық құрама 4 алтын, 5 күміс, 5 қола жүлдеге ие болды

 Дастан Жұмабекұлы 17.01.2024 | 15:24
Фото: Туризм және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы

Қазақстан ұлттық құрама командасының мергендері Индонезияның астанасы – Жакарта қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатының соңғы күні тағы 3 күміс жүлдені жеңіп алды.

Аралас қарқында қозғалатын жылжымалы нысана көздеуде (10 метр) Фатима Ирназарова күміс жүлдегер атанды. Ол жарыста 361 ұпай жинап, тек Қатар спортшысына есе жіберді.

Ал ерлер арасында Асадбек Назиркульев те күміс жұлде иеленді. Ол 377 ұпай жинап, өзінің жеке рекордын тіркеді.

Командалық сында Андрей Худяков, Илья Зотеев пен Асадбек Назиркульев үштігі күміс медальді жеңіп алды. Бас жүлде Индонезия құрамасына бұйырды.

Осымен нысана көздеуден сары құрлық чемпионаты мəресіне жетті. Мұнда Александра Ле (винтовка) мен Никита Чирюкин (тапанша) Қазақстан құрамасына Париж Олимпиадасының лицензиясын алып берді.

Қазір мергендер еншісінде 5 жолдама бар. Ұлттық құрама Азия чемпионатынан 4 алтын, 5 күміс, 5 қола жүлдеге ие болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама