×

Бишімбаевқа жаңа айыптар тағылды: ІІМ қылмыстық істің қай сатыда тұрғанын нақтылады

Экс-министрге Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша жаңа айыптар тағылды

 Дәурен Ерболат 17.01.2024 | 11:34
photo © Sputnik / Болат Шайхинов

ІІМ экс-министр Қуандық Бишімбаевқа тағылған жаңа айыптарға қатысты пікір білдірді. Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеханың айтуынша, Бишімбаев қылмыстық іс материалдарымен танысады. Содан кейін іс прокуратураға жолданады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодестің екі бабы бойынша жаңа айыптар тағылған. Қылмыстық іс материалдары танысып шығуға жіберіледі, - деді министрдің орынбасары Мәжіліс кулуарында.

Еске салайық, 2023 жылдың 9 қарашасында Астана мейрамханаларының бірінде қайғылы жағдай болып, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенова қайтыс болды. Сол оқиғадан кейін Бишімбаев қамауға алынды.

2024 жылдың 16 қаңтарында Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі («Азаптау»), Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы («Аса қатыгездікпен адам өлтіру») бойынша жаңа айыптар тағылғаны хабарланды.

Бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев 2018 жылдың 14 наурызында 10 жылға сотталған. Сот Бишімбаевты Қызылорда қаласында салынуға тиіс шыны зауытына бөлінген 1 млрд теңгені жымқырды, пара алды деген баптар бойынша кінәлі деп тапқан. Бишімбаевпен бірге «Байтерек Development» АҚ лауазымды топ-менеджерлері, кәсіпкерлер, ұзын саны 22 адамға айып тағылған. 2018 жылдың 29-шы желтоқсанында Түркістан облысының Төле-би аудандық соты Бишімбаевты жалпы режимге ауыстырған болатын. Оған дейін экс-министр өзін қоныс колониясына аударуға өтініш жазған. Кейін Шымкенттегі қауіпсіздігі орташа деңгейдегі түзету мекемесіне ауыстырылды.

2019 жылдың қарашасында 10 жылға сотталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев түрмеден босап шықты. Экс-министрдің адвокаты Мәди Мырзағараев Бишімбаевтың  Шымкент қаласындағы ауданаралық сотқа мерзімінен бұрын бостандыққа шығару жөнінде өтініш түсіргенін, оның арызы толық қанағаттандырылғанын айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама