×

Атырау облысында түйелерді, Павлодар облысында жылқыларды пойыз қағып кетті

Мал иелеріне әкімшілік хаттама толтырылды

 Еркеғали Болатұлы 16.01.2024 | 11:39
фото: дереккөз

Атырау облысында пойыз машинисі темір жол бойындағы түйелерге бола шұғыл тежеуді қолдануға мәжбүр болаған. Алайда апаттың алдын алу мүмкін болмады.

Polisia.kz-тің хабарлауынша, 13 қаңтарда Атырау облысындағы Құлсары стансасында Волгоград-Ташкент бағытында келе жатқан жолаушылар пойызының машинисі темір жолда түйе жайылып жүргендіктен, шұғыл тежеуді қолданған. Соқтығыстың алдын алу мүмкін болмай, салдарынан пойыз 5 түйені қағып кетті. Темір жол бойында мал жаю ережесін бұзғаны үшін түйелердің иесіне әкімшілік хаттама толтырылды.

Осыған ұқсас жағдай Павлодар облысында да тіркелді. Бозшакөл-Үленті стансаларының аралығындағы жолда жүк пойызы 5 жылқыны қағып, мерт қылды. Соның кесірінен пойыз жоспардан тыс 13 минут аялдаған. Екібастұз стансасындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері жедел іздестіру шаралары кезінде малдың иесін анықтады. Ол Павлодар облысының 44 жастағы тұрғыны болып шықты. Үй жануарларының иесі де әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Шұғыл тежеуді қолдану және жануарларды қағып кету пойыздардың ұзақ уақыт тоқтап тұруына, локомотивтердің зақымдалуына, тіпті, айтарлықтай шығынға әкеп соғады. Осыған сәйкес, көлік полицейлері үй жануарларының иелеріне қауіпсіздік шараларын сақтап, темір жол маңында жануарларды жаю кезінде аса мұқият болуды ескертеді, - делінген ведомство мәлімдемесінде.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама