×

X Фредерик Данияның королі болды

«Е, Жаратушы бір Құдайым, патшаны сақтай гөр», – деп II Маргрете патшайым орнын босатып, залдан шығып кетті

 Дастан Жұмабекұлы 15.01.2024 | 10:54
Фото: womanhit.ru

X Фредерик Данияның жаңа королі болды. Ол 52 жыл бойы елдің патшайымы болған анасы II Маргретенің орнына таққа отырды.

Дания патшайымы ұлының пайдасына тағынан ресми түрде бас тартты. Kommersant.ru-дың хабарлауынша, II Маргрете патшайым Копенгаген қаласындағы Кристиансборг сарайында үлкен ұлының тақты беру үшін арнайы құжатқа қол қойды. Сөйтіп, ол жарты ғасырдан астам уақыттан бері елдің патшайымы болғанын, осы уақытта Дания корольдігінің дамуы үшін қолда бар мүмкіндіктің бәрін жасағанын айтты.

Содан кейін сөзінің соңында «Е, Жаратушы бір Құдайым, патшаны сақтай гөр», – деп орнын босатып, залдан шығып кетті.

83 жастағы II Маргрете елдің 900 жылға жуық тарихында тақтан өз еркімен бас тартқан алғашқы монарх болып отыр.

II Маргрете патшайым тақтан бас тартқан соң, премьер-министр Метте Фредериксен Кристиансборг балконынан үш рет «Ура!, Ура!, Ура!»,  деп Х Фредерикті король деп жариялады. Патшаны сарай жанындағы алаңда оны әйелі, қазіргі ханшайым Мэримен және балаларымен бірге көпшілік қарсы алды.

55 жастағы X Фредерик король мен Мэри ханшайымның үлкен ұлы, 18 жастағы Кристиан ресми түрде Данияның тақ мұрагері болды.

Дегенмен Данияда монарх елдің ішкі ісіне, саясатына араласпайды. Оның қолында билік жоқ. Елдің ішкі және сыртқы саясатымен Парламент тағайындаған Үкімет айналысады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама