×

Қарағандыда 11 тұрғын үйдің заңсыз салынып жатқаны анықталды

Егер кімде-кім осы нысандарға инвестиция салған болса, өз ақшасын талап еткені жөн

 Еркеғали Болатұлы 12.01.2024 | 14:33
фото: Қарағанды облысының әкімдігі

Қарағанды облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы заңсыз құрылыс салушылардың тізімін жариялады. «Қара тізімде» Қарағандыда қажетті рұқсат құжаттарынсыз салынып жатқан 11 тұрғын үй кешені бар, деп хабарлады облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Қарағанды бойынша бүгінде 11 нысанда рұқсат құжаттары толық емес. Дегенмен олар құрылысты бастап кеткен, қандай да бір жолмен жалғастырып жатыр. Нақтырақ айтсақ, сот қаулысымен «Қарқаралы» тұрғын үй кешені, Мұқанов, 49р мекенжайында орналасқан және Central Avenue тұрғын үй кешендері бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары тоқтатылды. Құрылыс салушылар әкімшілік жауапқа тартылды, - деді облыстық сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Сержан Аймақов Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте.

Сондай-ақ ол үлескерлерге жарнамаға сенбеу керектігін ескертті. Егер кімде-кім осы нысандарға инвестиция салған болса, өз ақшасын талап еткені жөн. Оның айтуынша, сот процесінде басқа да нысандар бойынша материалдар бар.

Бұған дейін елімізде үй сатып алу үшін алдын ала шарт жасасуға тыйым салынуы мүмкін екені хабарланған болатын. Сондай-ақ құрылыс жүргізушілердің жауапкершілігін арттыру мақсатында үлескерлерден заңсыз ақша алып, кейін құрылысты тоқтатқаны үшін айыппұл санкцияларын ұлғайту қаралып жатыр.

Сонымен қатар инженерлік желілерсіз тұрғын үй нысандарын жобалауға және салуға тыйым салынды.

«Жедел ден қою шарасы» жаңа бақылау тетігін енгізу бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Ол профилактикалық бақылау аясында оқиға орнына бармай-ақ, заң бұзушылықтарға уақтылы жауап беріп, олардың жолын кесуге, оның ішінде құрылыс-монтаждау жұмыстарын тоқтата тұру және рұқсат беру құжаттарынан (лицензиялар, аттестаттар, аккредиттеу) айыруға мүмкіндік береді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама