×

Шығыс Қазақстан облысында 71 елді мекенді су басуы мүмкін

Қарды уақытында шығару маңызды

 Дәурен Ерболат 12.01.2024 | 12:30
Фото: altaynews.kz

Биыл Шығыс Қазақстан облысындағы 71 елді мекенге көктемгі су тасқыны қаупі төніп тұр. Бұл туралы ШҚО ТЖД басшысының орынбасары Қуатбек Кенжебекұлы айтты, деп хабарлады Altaynews.kz.

Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов 2024 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша кеңес өткізді. Жиында Қуатбек Кенжебекұлы «2024 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша инженерлік жұмыс жоспары» бекітілгенін атап өтті.

Бүгінде 36 іс-шараның 27-сі іске асырылды. Облыста 71 су тасқыны қаупі бар елді мекен анықталды. 15 елді мекенде қауіп жойылды, 49 елді мекенде қауіп азайтылды, - деді ШҚО ТЖД басшысының орынбасары.

Оның айтуынша, елді мекендерге көктемгі су тасқыны қаупі төнген жағдайда 2 334 адамнан тұратын бригадалар мен азаматтық қорғау қызметі, 735 техника, 50 жүзу құралы және 208 мотопомпа дайындалды. Төтенше жағдайдан зардап шеккен халықты қабылдау үшін 8 448 адам сыятын 89 уақытша орналастыру пункті анықталды.

«Қазгидромет» РМК Шығыс Қазақстан, Абай облыстары бойынша филиалының директоры Ләззат Болатқан бүгінде Марқакөл және Шемонаиха аудандарында, Риддер қаласында және Самар ауданында қар көп жауғанын атап өтті.

Кеңестің қорытындысы бойынша Бақытжан Байахметов елді мекендерден қарды қауіпсіз жерге уақытында шығаруға, жарылыс жұмыстарын жүргізу үшін учаскелерді анықтауға, арықтарды, кәріз жүйелерін, авто және темір жолдар астындағы су өткізетін нысандарды тазартуға тапсырма берді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама