×

Су тасқыны: ТЖМ қазақстандықтарды сақ болуға шақырды

Биыл елімізде күн әдеттегіден жылы болады

 Дәурен Ерболат 09.01.2024 | 14:25
фото: Александр Кряжев/Владимир Сергеев

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Қазақстанның солтүстігі мен оңтүстігінде су тасқыны қаупі сақталатынын, қазақстандықтар қолайсыз жағдайға дайын болу керектігін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, биыл елімізде күн әдеттегіден жылы болады. 

«Қазгидромет» РМК болжамынша, еліміздің көптеген өңірінде қаңтар және ақпанда ауа температурасы климаттық нормадан 1-2°С жоғары болады. Жауын шашын мөлшері де нормадан көп түседі деген болжам бар. Бұл ретте 5 өңірде қардың түсуі 70%-ға дейін, 12 өңірде 90%-дан астам болуы мүмкін.

Сондықтан оңтүстік өңірлерге өткен жылғы ақпанда болған су тасқынын ескеріп, ал солтүстік өңірлерге желтоқсандағы температураның күрт төмендеуіне (7-ден 15-ке дейін) және қар жамылғысының болмауына байланысты топырақтың терең қату ықтималдығы бар. Осыған байланысты осы өңірлер қазірдің өзінде жоғары дайындық режиміне өтуі керек, - деді Сырым Шәріпханов Үкімет отырысында.

Министр су тасқынына дайындық жұмыстарының жүргізіліп жатқанын да атап өтті.

Су тасқыны жағдайының ықтимал асқынуларына жедел ден қою мақсатында 39 мыңнан аса адам, шамамен 11 мың техника, 500-ден астам жүзу құралы және 3 мыңнан аса мотопомпа дайындалды, - деді ол.

Сондай-ақ Сырым Шәріпханов қазақстандықтарды сақ болуға шақырды.

«Жылдық орташа температураны соңғы бірнеше жылмен салыстырсақ, ол әдеттегіден жоғары. Сондықтан біз бұған назар аударуымыз керек әрі дайын болуымыз шарт. Мұндағы жағдайға көптеген фактор әсер етеді. Мысалы, қар қалай ериді, топырақ қандай болады, ол еріген қар суын сіңіре ала ма? Сондай-ақ жер қатып, еріген қар суын топырақ сіңірмеуі мүмкін. Салдарынан тасқын қаупі бар учаскелерге су жайылады.

Сондықтан (қауіп) туралы айту әлі ерте. Алайда біз қолайсыз жағдайға дайын болуымыз керек, - деп түйіндеді сөзін министр.

Бұған дейін министр жыл сайын су басатын елді мекендерді көшіруді ұсынған еді. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама