×

Қазақстандық оқушылар халықаралық робототехника чемпионатында 7 жүлдеге ие болды

Додаға 150 жас робототехника жасаушылар қатысты

 Динара Амантай 09.01.2024 | 11:45
Фото: Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

Индонезияның Депок қаласында FIRST Tech Challenge робототехника бойынша ашық ойындар өтті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Чемпионатқа Қазақстанның намысын қорғауға Antares, «124», «Заман» және Shanyraq командалары аттанды. 9-11 сынып оқушыларынан құрылған бұл командалардың құрамында Алматы қаласының Абай атындағы РММИ мен №124 орта мектебінің, сондай-ақ Семей қаласының Ш. Құдайбердіұлы атындағы көпсалалы мектебінің білім алушылары бар.

Қазақстандық оқушылар Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен келген 150 жас робототехника жасаушылармен бірге бірнеше күн бойы өз жұмыстарымен бәсекеге түсті. Нәтижесінде біздің құраманың қоржыны 7 жүлдемен толықты:

  • «124» командасы, Алматы қаласы;
  • 1-орын – Control award;
  • 3-орын – Think Award;
  • 3-орын – Connect Award. Antares командасы, Алматы қаласы;
  • 2-орын – Finalist award;
  • 1-орын – Think Award;
  • 3-орын – Control award. Shanyraq командасы Семей қаласы;
  • 3-орын – Robot game.

Алматы қаласының №124 орта мектебінен қатысқан «124» командасының жаттықтырушысы Бекзат Амановтың айтуынша, қазақстандық оқушылар лайықты нәтиже көрсете білді.

Біз чемпионатқа робототехникаға жаңадан қосылған командаларымызды халықаралық командалармен тәжірибе алмасу үшін әкелдік. Соның өзінде біз Индонезия чемпионатына әлемдік кезеңге іріктелген мықты командалар қатысатынын білгенімізде таңқалдық. Бұл командалардың робототехникада 4-5 жылдық тәжірибесі бар әрі биыл ғана жарысқа қатысқан қазақстандық оқушылар олармен бір деңгейде бақ сынасты. Біздің оқушылар финалдық ойындарға дейін өтіп, төрешілерден жоғары баға алған кезде қатты қуандық, – деді бапкер.

Еске сала кетсек, Индонезияда өткен чемпионатқа жолдаманы Қазақстаннан барған оқушылар осы жылдың желтоқсанында Оқу-ағарту министрлігінің және Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен USTEM Foundation Қоғамдық Қоры ұйымдастырған Almaty Tech Cup республикалық турнирінде жеңіп алған болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама