×

Жапонияда жер сілкінісінен 161 адам қаза тапты

Енді ғимараттар қирап, тағы да халыққа қауіп төнуі мүмкін деген мәлімет бар

 Дастан Жұмабекұлы 08.01.2024 | 15:20
Фото: aa.com.tr

1 қаңтарда Жапонияның Исикава префектурасында жер сілкінісінен қаза тапқан адам саны күн өткен сайын көбейіп жатыр. Бұл туралы NHK телеарнасына сілтеме жасаған Анадолы агенттігі хабарлады.

Бұған дейін зілзаладан 126 адам көз жұмған делінсе, енді бүгін 161 адам қаза тапты деген дерек шықты. Ал жоғалған адам саны 100-ден асқан. Нақтырақ айтсақ, 103 адам іздестіріліп жатыр.

БАҚ мәліметіне қарағанда, Вадзима және Сузу қаласында көп адам қаза тапқан.

Еске сала кетсек, 1-5 қаңтар аралығында Исикава префектурасының солтүстігінде орналасқан Ното түбегінде 7,6 магнитудалы жер сілкінісі болған еді. Соның кесірінен 126 адам көз жұмса, 500-ден астам адам жарақаттанған.

Қазір құтқару қызметінің жұмысын қар мен күннің жылынуы қиындатып жатыр. Өйткені ғимараттар қирап, тағы да адам өміріне қауіп төнуі мүмкін деген мәлімет бар. Ното түбегінде жерасты дүмпулері әлі тоқтамай жатыр.  Соңғы рет 6 қаңтарда магнитудасы 5,3 жер сілкінісі тіркелді. Сондықтан адам өмірі мен денсаулығына әлі де қауіп төніп тұр, – делінген хабарламада.

Жалпы, 1995 жылдан бері Жапонияда бірнеше рет магнитудасы 6-дан астатын жер сілкінісі болған. Соның кесірінен ондаған мың адам қаза тапқан.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама