×

Білім беру жүйесін дамытатын басшылардың бірінші құрамы жасақталды

Олар мектеп директоры қызметін конкурстық рәсімдерден өтпей-ақ атқара алады

 Дәурен Ерболат 08.01.2024 | 13:54
Фото: avand.marja.az

Елімізде «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы бойынша жаңа форматтағы менеджерлердің бірінші құрамы жасақталды, - деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігі.

Министрдің бұйрығымен аталған жоба шеңберінде республикалық кадр резервіне қабылданған кандидаттардың тізімі бекітілді. Оған білім беру ұйымының басшысы лауазымына үміткер 208 адам енді.

Президенттің тапсырмасы бойынша ведомство 2023 жылдан бастап президенттік Жастар кадрлық резервінің үлгісі негізінде елімізде білім беру жүйесін дамытатын көшбасшыларды іріктеп жатыр.

Жобаның бастапқы кезеңінде барлығы 8068 өтінім түсті. Үміткерлер тестілеуден өтті. Екінші кезеңде үш деңгейлі оқыту, үшінші кезеңде еліміздің жетекші мектептерінде тағылымдамадан өту, төртінші кезеңде қорытынды бағалау және қорытынды кезеңде министрлік жанындағы комиссиямен әңгімелесу болды.

Барлық бес кезеңнің қорытындысы бойынша республикалық кадр резервіне 208 кандидат өтті. Оларға арнайы сертификат беріледі. Оның негізінде үміткерлер конкурстық рәсімдерден өтпей-ақ, бос орын болған жағдайда басшы қызметіне тағайындалады. Сондай-ақ барлық кезеңнен сәтті өткен және сертификат алғандарға «Жетекші-көшбасшы» біліктілік санаты беріледі.

Жаңа буын менеджерлері жаңа мектептерді, оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан білім ошақтарын кадрлық жағынан қамтамасыз ету мәселесін шешуге жәрдемдеседі деп жоспарланып отыр.

Айта кетейік, жоба биыл да жалғасады. Оған барлық педагог қатыса алады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама