×

АҚШ-та 17 жастағы оқушы мектепте атыс шығарды

Бозбала сыныптастарының тарапынан әлімжетік көріп келген 

 Дастан Жұмабекұлы 05.01.2024 | 15:48
Фото: Andrew Harnik

АҚШ-тың Айова штатында Дилан Батлер есімді 17 жастағы оқушы мектепте атыс шығарды.

Перри қаласының полициясы мектепте атыс болып, бір оқушының қаза тауып, тағы бес адамның жараланғанын растады. Мектеп оқушысы өзі оқитын жерге атысты винтовка мен шағын калибрлі тапаншамен барып, бір топ адамға оқ жаудырған.

Ол мектепте оқушыларға қару қолданатынын бір күн бұрын әлеуметтік желіде айтқан. Сөйтіп, келесі күні оқу ордасына барып, 6-сынып оқушысын атып, төрт оқушы мен мектеп әкімшілігінің бір қызметкерін нысанаға алған. Зардап шеккен балалардың бірінің жағдайы қиын.

The New York Post газетінің дерегіне сүйенген «Российская газета» басылымының хабарлауынша, атыс шығарғаннан кейін оқушы өз-өзіне қол жұмсаған.

Осы оқиғадан кейін полиция мектеп ғимаратынан жарылмаған қолдан жасалған жарылғыш затты тапқан. Ол дереу залалсыздандырылып, полицияға тапсырылған.

Атыс қысқы каникулдан кейінгі оқудың бірінші күні болған. Қолда бар мәліметке қарағанда, бозбала мектепте ешкіммен араласпай, ешкіммен соқтығыспай, өз-өзімен жүрген. Бірақ сыныптастарынан әлімжетік көріп келген. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама