×

«Баспана бағасының өсу қарқыны төмендейді». Отбасы банк төрағасы алдағы жылға болжамын айтты

Зейнетақы жинағын пайдаланудың негізгі кезеңі 1 сәуірде аяқталады

Ләззат Ибрагимова, фото: ашық дереккөзден

«Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова баспана бағасына қатысты өз болжамын айтты. Банк басшысы зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану шарасы тұрғын үй бағасына әсер еткенін мойындады. Оған қоса, баспана бағасының шарықтауына инфляцияның ықпалы, құрылыс материалдары бағасының өсуі, мамандардың жалақысы артуы сияқты факторлар әсер еткенін айтты.

Отбасы банк басшысының айтуынша, соңғы жылдары Қазақстанда бала туу көрсеткіші артқан. Жыл сайын 400 мыңнан аса бала дүниеге келіп, 60 мыңнан аса жаңа неке тіркеледі. Бұл факторлар сұранысқа қатты әсер етіп жатыр екен.

Меніңше, бағаның өсу қарқыны төмендейді. 10 процентке және одан жоғары көтерілмейді. Себебі зейнетақы жинағын пайдаланудың негізгі кезеңі 1 сәуірде аяқталады. Қазір депозиттерді толықтырғысы және ипотеканы өтегісі келетіндерден өтініш түсіп жатыр. Ал баспананы толығымен сатып алуды көздейтін өтініштер өте аз, – деді Ибрагимова орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Ләззат Ибрагимова зейнетақы жинағын пайдалана отырып, үй сатып алу бойынша ең ірі операция 162 миллион теңгеден асқанын айтты.

Зейнетақы жинағын пайдалана отырып, тұрғын үй сатып алу бойынша ең ірі мәміле 162,4 миллион теңге болды. Яғни, бұл бұрынғысынша премиум-класстағы тұрғын үй. Бұл сегментте ең аз сомадағы мәміле шамамен бір миллион теңге. Ол сірә, ауылда немесе облыс орталығында болуы мүмкін, - деді Ибрагимова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Бұған дейін банк төрайымы Ләззат Ибрагимова қазақстандықтардың зейнетақы жинағын 16 желтоқсаннан бастап «Отбасы банкіндегі» депозитке аудара алатыны туралы мәлімдеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама