×

Астанада күдікті сүйіктісінің үйінен алтын бұйымдарды ұрлап кеткен

Ол жәбірленушінің сеніміне кірген

 Дәурен Ерболат 03.01.2024 | 13:43
Фото: pixabay.com

Елордада 33 жастағы ер адам сүйіктісінің үйінен алтын бұйымдарды ұрлаған, деп хабарлады Polisia.kz.

Полицияға 45 жастағы астаналық арызданған. Әйел пәтерінен жалпы құны 230 мың теңге болатын алтын бұйымдардың ұрланғанын айтқан. Ол ұрлықты қызының 33 жастағы досы жасауы мүмкін екенін жеткізген.

Күдікті қыздың сеніміне кіріп, ата-анасы жоқ кезде пәтерге келген. Осылайша, ол сүйіктісінің ұйықтап қалғанын пайдаланып, қораптағы әшекей бұйымдарды ұрлап кеткен.

Жедел-іздестіру шаралары барысында Алматы аудандық полиция басқармасының қызметкерлері ұрлық жасаған күдіктіні ұстады. Ол кінәсін мойындап, ұрлаған заттарын ломбардқа тапсырып жібергенін айтқан.

Қазір бұл факті негізінде Қылмыстық кодекстің 188-бабы («Ұрлық») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Полиция қазақстандықтарды қырағы болуға, бейтаныс адамдарға сенбеуге және бағалы заттарды қараусыз қалдырмауға кеңес береді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама