×

Балаларға ақша, саусақ ізін тіркеу мен декларацияның жаңа түрі: Биыл қазақстандықтарды қандай өзгерістер күтіп тұр?

Осы жылы бірқатар заңға енгізілген өзгерістер күшіне енеді

 Айнұр Шошаева 01.01.2024 | 12:24
Коллаж: Halyq Uni

2024 жылдың 1 қаңтардан бастап Қазақстанда бірқатар жаңа заңдар күшіне енді, деп хабарлайды Halyq uni. 

Биылғы жыл Қазақстан халқы үшін бірқатар жаңалықпен басталып отыр. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміздегі бірқатар заңға енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Оның қазақстандықтардың өміріне қалай әсер ететініне шолу жасадық. 

Балалар Ұлттық қордан ақша алады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы Жолдауында Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аудару туралы айтқан еді. Үкімет тиісті заң жобасын әзірлеп, 2023 жылғы 16 қарашада президент оған қол қойды.

Бүгінде Қазақстанда бұл қаржыдан үмітті 7 млн-ға жуық бала бар. Биыл 200 мыңнан астам бала қаражатын пайдалана алады. Кәмелетке толған бала Ұлттық қордың инвестициялық табысынан түсетін қаражатын тек оқу ақысын төлеуге және баспана сатып алуға пайдалана алады. Алайда  ол қаражатты студент кезінде пәтер жалдауға және ем-домына жарата алмайды. Қаржы министрлігі қазақстандықтарға ол қаржыны алу үшін ешқандай есепшот ашудың керегі жоқ екенін ескертті. Тек баланың ЖСН нөмірі болса жеткілікті. Ақшаның түсіп жатқанын сол ЖСН нөмірі арқылы БЖЗҚ немесе электронды үкімет порталында тексеріп отыра алады. Айта кетейік, төлем жыл сайын доллар күйінде бір рет жасалып отырады.  Егер бала ҚР азаматтығынан айрылған жағдайда, оның төлем алу құқығы тоқтатылады. Ал басқа мемлекеттен келгендер немесе қандастар азаматтық алған сәттен бастап төлем алу құқығына ие болады. 

Бұған қоса, қаражат тек Ұлттық қорда тұрған кезінде ғана инвестицияланады. Ал бала кәмелетке толып, кәдеге жаратуды кейінге қалдырған жағдайда ол қаражат БЖЗҚ-ға аударылады. Бірақ зейнетақы қорына өткеннен кейін инвестициялық операциялар жасалмайды. 

Бизнесмендер декларация тапсырады  

2021 жылдың қаңтарынан бастап елімізде кезең-кезеңімен жалпыға бірдей декларация енгізілген. Ондағы негізгі міндет – әділ салық салуды қамтамасыз ету, жеке тұлғалардың кірісін бақылау, жемқорлық пен көлеңкелі экономика деңгейін төмендету. Бастапқы кезең – 2022 жылдың 1 қаңтарынан басталды. Онда мемлекеттік қызметтегі басшылар мен қызметшілер, сондай-ақ олардың жұбайлары табысын көрсеткен еді. Екінші кезең 2023 жылы 1 қаңтарда басталды, былтыр декларация тапсырушылардың қатары квазимемлекеттік қызметшілер және олардың жұбайларымен толықты. Енді биыл декларацияның үшінші кезеңі басталады. Соған сәйкес кәсіпкерлер – заңды тұлғалар мен жеке тұлғалар және олардың жұбайлары тапсыратын болады. 

Табыс мөлшері мен бизнестің ауқымы маңызды емес, заң бойынша үйде жеке кәсіпкер ретінде жұмыс істейтін кондитерден бастап зауыт иесіне дейін декларация тапсыруға міндетті. 

Айта кетейік, кәсіпкерлер алғашқы жылы салық органдарына 250 форманы толтырып, 2023 жылдың 31 желтоқсанындағы мәлімет бойынша жиналған қаржысы мен мүлкін көрсетеді. Бұл форма жылына бір рет, тұлғаның жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне енген кезінде тапсырылады. Ал келесі 2025 жылы ол 270 форманы толтырып, бір жыл ішіндегі тапқан немесе алған пайдасын көрсетеді. Бұл жүйе адамның бастапқы кезде болған ақшасы мен мүлкі, сондай-ақ кейін тапқан табысын көру үшін енгізілген. 

Жұмыс істеп тұрған ЖШС және ЖК басшыларынан басқа, активтер мен міндеттемелер туралы декларацияларды уақытша тоқтатылған және әрекетсіз ЖК және ЖШС басшылары да беруге тиіс. Өйткені тіркелген соң, олар мемлекет үшін жұмыс істейтін болып саналады.   

Айта кетейік, 250 формада Қазақстандағы және елден тыс жерде тіркелген жылжитын және жылжымайтын мүліктің түрі, әуе және теңіз кемелері, шетелдік банктерде сақталған сомасы 1000 АЕК асатын қаржы, шетелдік компаниялардағы үлесі көрсетіледі. Сонымен қатар банкте жалпы сомасы 1000 АЕК-ке жетпейтін сома болса, оны көрсетпеуге болады. Декларацияны 2024 жылдың 1қаңтарынан бастап, 15 қыркүйекке дейін онлайн (egov.kz порталы, e-Salyq Аzamat мобильді қосымшасы) немесе салық органдары мен Халыққа қызмет көрсету органдарына барып тапсыруға болады. 
Келесі жылдан бастап бұл декларацияны еліміздің барлық азаматтары тапсыратын болады. Себебі 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалпыға бірдей декларацияны енгізудің төртінші кезеңі басталады. 

Жұмыс беруші міндетті зейнетақы төлейді

Сонымен қатар бүгіннен бастап Қазақстанда жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) енгізіле бастайды. Еске сала кетейік,  
2023 жылғы 1 шілдеден бастап елде Әлеуметтік кодекс күшіне енді, ол  жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын енгізу мәселелерін реттейтін нормаларды қамтиды. Яғни, биылдан бастап БЖЗҚ қызметтері жұмыс берушінің өз қаражаты есебінен және 1975 жылғы 1 қаңтардан кейін туған қызметкерлер үшін ғана жүзеге асырылатын ЖМЗЖ есебін жүргізу міндетімен толықтырылады. ЖМЗЖ шамасы әрбір қызметкердің ай сайынғы табысынан есептеледі: 2024 жылғы 1 қаңтарда 1,5% мөлшерінен бастап, 2028 жылы 5% мөлшеріне жеткенше жыл сайын ұлғайып отырады деп жоспарланған. 

Жұмыс берушінің еңбекақы төлеу қорына түсетін жүктеме жарналардың кезең-кезеңімен өсіп отыруына байланысты азайды. Әлеуметтік кодекске сәйкес, жұмыс берушілер ЖМЗЖ-ны барлық жұмысшылар үшін емес, тек 1975 жылы және одан кейін туғандар үшін төлейді. Сондықтан ЖМЗЖ есебінен төлемдерді 2038 жылы зейнетке шығатын қызметкерлер ғана ала бастайды, - деп түсіндірді БЖЗҚ-да. 

Айта кетейік, кызметкердің ЖМЗЖ есептеу үшін қабылданатын ай сайынғы табысы ең төменгі жалақының мөлшерінен кем болмауы тиіс және республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі жалақының 50 еселенген мөлшерінен аспауы керек

Салық кодексінде көрсетілгендей, бірыңғай төлем құрамында төлеуді таңдаған жұмыс беруші-салық агенттері үшін жұмыскердің жалақысынан бірыңғай төлем мөлшерлемесіндегі жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарының үлесі: 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап – 7%; 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап – 10,5%; 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап – 14,1%; 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап – 17,4%; 2028 жылғы 1 қаңтардан бастап – 19% болмақ.

Бұның жеке жинақтаушы зейнетақы жүйесінен айырмашылығы, ЖМЗЖ есебінен зейнетақы жинақтары шартты-жинақтаушы болып есептеледі, яғни ол қызметкердің меншігі болып табылмайды. Сондықтан ол мұраға берілмейді, зейнетақы аннуитетін сатып алу үшін сақтандыру компаниясына және/немесе салымшының таңдауы бойынша сенімгерлік басқаруға беру үшін ИПБ-ға аударылмайды, сондай-ақ, оған зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдік қолданылмайды. 

Саусақ ізі тіркеледі

Қазақстандықтарды күтіп тұрған жаңалықтың бірі – саусақ ізін тіркеуге қатысты. Нақты айтсақ, азаматтардың саусақ іздерін тіркеу мәселесіне нүкте қойылды. Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда 2024 жылдан бастап төлқұжат немесе жеке куәлік алу үшін жүгінген азаматтарды міндетті дактилоскопиялық тіркеуді енгізу жоспарланған болатын. Кейінірек бұл норманы қайта қарап, саусақ ізін ерікті ету туралы шешім қабылданды. Жақында президент Тоқаев дактилоскопиялық тіркеу туралы заңға қол қойды. Заңда Қазақстан азаматтарын міндетті дактилоскопиялық тіркеу туралы ережелерді алып тасталған және бұл рәсімді олардың келісімімен ғана ерікті түрде енгізеді.

Тек Қазақстан азаматтары үшін міндетті дактилоскопиялық тіркеу теңізшінің жеке куәлігін алған жағдайда ғана сақталады.
Бұл ретте 16 жасқа толған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар үшін құжаттарды алған кезде міндетті дактилоскопиялық тіркеу енгізіледі. Саусақ ізін тіркеуге қатысты нормалар бүгінен бастап күшіне енді. 

Автогаз жаңа бағамен сатылады

Автожүргізушілер үшін маңызды жаңалық -Қазақстанда автогаздың шекті бағасы бекітіліп, жаңа тариф бүгіннен бастап күшіне енді. Нақты айтсақ, ҚР Энергетика министрі сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізудің шекті бағаларын бекіту туралы бұйрыққа қол қойған болатын. Енді қосылған құн салығы бар сұйытылған жылдың литрі үшін шекті бөлшек сауда бағасы:

  • Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарында - 54 теңге, шалғай аудандарда - 59 теңге;
  • Шымкент, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Түркістан облыстарында-64 теңге, шалғай аудандарда - 69 теңге;
  • Жамбыл облысында - 71 теңге, шалғай аудандарда - 76 теңге;
  • Павлодар облысында - 74 теңге, шалғай аудандарда -79 теңге;
  • Астана, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарында - 76 теңге, шалғай аудандарда - 81 теңге;
  • Алматы, Алматы, Солтүстік Қазақстан облыстарында - 81 теңге, шалғай аудандарда - 86 теңге.

Бұған дейін Энергетика министрлігі шекті бағаларды айқындау қағидаларына енгізілген өзгерістер осы кезеңде сұйытылған мұнай газына бағаның өсуін болжам жасамайтынын хабарлаған еді. Бұл ретте шекті көтерме және бөлшек сауда бағалары сұйытылған мұнай газын өндірудің өзіндік құнын ескере отырып түзетілетін болады. Сондай-ақ, 3 жыл ішінде әр алты ай сайын сұйытылған газдың бағасы 5 теңгеге көтерілетіні хабарланды.  

Айта кетейік, биылдан бастап автожүргізушілер газбен жұмыс істейтін машиналарға арнайы белгіні жабыстыруы керек. Жаңа нормаға сәйкес, газ баллонды жабдықтары бар автомобильдердің иелері машиналарына қара шекарасы, леп белгісі және Gas жазуы бар сары үшбұрыш түріндегі арнайы белгі қоюы керек. Бұл белгі газбен жүретін көліктерді сәйкестендіру үшін енгізіліп жатыр. 

Әлеуметтік төлемдердің мөлшері артады

Сондай-ақ, биыл Қазақстанда ең төменгі жалақысы мен айлық есептік көрсеткішінің мөлшері артады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға қол қойды. Заңға сәйкес 2024 жылдың айлық есептік көрсеткіші, ең төменгі жалақы мөлшері мен зейнетақының ең төменгі мөлшері бекітілді. Сонымен, бұл жылы ең төменгі жалақы мөлшері – 85 000 теңге; йлық есептік көрсеткіш – 3 692 теңге; мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 28 215 теңге; зейнетақының ең төменгі мөлшері – 57 853 теңге; ең төменгі күнкөріс деңгейі – 43 407 теңгені құрайды. 

2023 жылы республикада ең төменгі жалақы мөлшері – 70 000 теңге, айлық есептік көрсеткіш – 3450 теңге, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 24 341 теңге, зейнетақының ең төменгі мөлшері – 53 076 теңге, ал базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу үшін ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасы 40 567 теңгені құраған болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама