×

Жезқазған қаласының бас жоспары бекітілді

Құжат 145 мың тұрғынға есептеліп отыр

 Дастан Жұмабекұлы 27.12.2023 | 13:23
Фото: facebook.com

Ұлытау облысының орталығы – Жезқазған қаласының бас жоспары бекітілді. Бұл туралы өңір басшысы Берік Әбдіғали айтты.

Облыс әкімі кеше премьер-министр Әлихан Смайыловқа бас жоспарын таныстырып, Үкімет отырысында Ұлытау облысы орталығының басты құжаты мақұлданғанын хабардар етті.

Былтыр Жезқазған қаласы – Ұлытау облысының орталығы мәртебесіне ие болғаннан кейін, жаңа нысан санын көбейту қажеттігі туындаған соң бас жоспарға түзетулер енгізу қолға алынған болатын.

Жезқазғанның бас жоспары осы уақытқа дейін үш рет қоғамдық талқылаудан өтіп, тұрғындардың пікірін ескере отырып, мемлекеттік органдардың мақұлдауымен, қала құрылысы сараптамасынан өткен соң әзірленді, – деді Берік Әбдіғали.

Оның айтуынша, бас жоспарда жаңа жол құрылымы, тұрғын үйлер, спорт сарайлары, театр, стадион, сауда, ойын-сауық орталықтары, әскери қалашық, өрт сөндіру депосы, жүзу бассейні, 29 балабақша, 8 мектеп, 3 облыстық, 4 қалалық аурухана, балаларды оңалту мекемесі мен онкологиялық орталық қарастырылған.

Қазіргі қолданыстағы басты құжат 117 мың тұрғынға жоспарланған болса, қабылдануы қажет бас жоспар 145 мың тұрғынға шақталып отыр.

Алдағы үш айда қала әкімдігімен бірге бас жоспар бойынша жер бөлініп, инвесторлар өз жобаларын жүзеге асыру үшін бөлінген жерлер аукционға қойылатын болады.

Жезқазған қаласының бас жоспары – облысты дамытудың негізгі құжаты. Ол - қалада құрылыс жұмыстарын жүргізуге және қабілетті инвесторлардың жобаларын жүзеге асыруға, қаланы құру және одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама