×

Жаңа технологиялар: Алматыда ауру ағаштарды кеспек бұрын олар қалай анықталады

Құрылғылардан деректер алынғаннан кейін ескі ағашты сақтау немесе оны кесу мәселесі шешіледі

 Динара Амантай 26.12.2023 | 15:24
Фото: Алматы қаласы әкімдігінің бапасөз қызметі

Алматыда, әсіресе жел, жаңбыр немесе қар жауған кезде ағаштардың құлауы азаматтардың өмірі мен денсаулығына, сонымен қатар, олардың дүние-мүлкіне де қауіп тудырады. Өйткені, ағаштар көбіне автокөліктерге, сондай-ақ үйлер мен ғимараттарға құлап кетуі мүмкін. Құлау салдарынан электр желілері де зақымдалуы мүмкін және қалалық ландшафт элементтеріне айтарлықтай зиян келтіру қаупі бар. Мұның алдын алуға болады. Ол үшін ағаштың жай-күйін уақытында анықтау керек. Көбіне ағаштың сыртқы көрінісі жақсы болуы мүмкін, бірақ өзегі шіріген, іші қуыс немесе тамыр шірігі бар болады.

Ағаштың сау немесе шірік екенін анықтау үшін заманауи диагностикалық жабдықтар – резистографтар мен томографтар қолданылады. Резистограф ағаштың күйін бұрғылауды тез жүргізу арқылы оңай анықтайды. Алынған деректер бірден операциялық блокқа жеткізіледі және график түрінде көрсетіледі. Резистографты ағаш қабаттарын оқу, ағаштың иммунитет деңгейін анықтау және оның жасын анықтау үшін де қолдануға болады.

Томографтың жұмыс принципі сәл өзгеше: құрылғы ультра дыбыстың көмегімен ағаштың ішкі күйін бағалайды. Дыбыс импульсі неғұрлым тез жүрсе, ағаштың жағдайы соғұрлым жақсы болады. Төмен жылдамдықтағы сигнал немесе қатарда бос орындар бар болса, онда ол ағаштың шіріп жатқанын көрсетеді.

Алматыда 2023 жылы экология және қоршаған орта басқармасы ағаштардың санитарлық жағдайын дәл анықтау үшін 8 резистограф пен 2 томограф сатып алды. Бүгінде олар қалада апатты жағдайдағы және ауру ағаштарды кесуден бұрын тексеру үшін қолданылады. Олар 2023 жылы басталған Баум тоғайындағы апатты жағдайдағы ағаштарды жоспарлы іріктеп санитарлық кесу кезінде қолданылады. Құрылғылардан деректер алынғаннан кейін ескі ағашты сақтау немесе оны кесу мәселесі шешіледі.

Айта кетсек, Баум тоғайындағы жасыл желектердің экологиялық жай-күйін төрт ғылыми-зерттеу институты – Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті, «Зоология институты» ШЖҚ РМК, «Қазэкопроект» ЖШС және «Ботаника және фитоинтродукция институты» ШЖҚ РМК бақылайды. Ғалымдар ағаштардың негізгі зиянкестері мен ауруларын анықтайтын зерттеулер жүргізді. Олар 6 мың 560 қураған және апатты жағдайдағы ағаштар мен 1 мың 713 шіріген ағашты, яғни қандай да бір зақымдануы бар ағаштарды тіркеді. Бүгінде Баум тоғайында 1 мың 663 апатты ағаш қалыпқа келтірілді. Іріктелінген санитарлық кесу жұмыстарын 2026 жылға дейін жүргізу жоспарланып отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама