×

Үкімет 2023 жылдың толық қорытындысын жариялады

Жылдық мәндегі инфляция 10,3%-ға дейін төмендеді

 Динара Амантай 26.12.2023 | 13:36
Фото: Halyq Uni

Биыл еліміз мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында жариялаған және халықтың өмірін жақсартуға бағытталған жаңа экономикалық модельге көшуді бастады. Осыған байланысты түрлі салалаларда бірқатар іс-шаралар атқарылып, маңызды жобалар іске асты. 

Экономиканың өсуі және инфляцияның баяулауы

  • Қаңтар-қарашаның қорытындысына сәйкес экономиканың өсуі 4,9% болса, өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 2,7% болған. Жалпы республика бойынша жан басына шаққандағы ЖІӨ $11,5 мыңнан $13,3 мыңға дейін өсті.
  • Жылдық мәндегі инфляция қарашада 2022 жылғы желтоқсандағы 20,3%-дан 10,3%-ға дейін төмендеді.
  • 6 айдың қорытындысына сәйкес $13,3 млрд тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Жыл қорытындысы бойынша ТШИ шамамен $27 млрд деңгейіне жеткізу жоспарланған.
  • Экономиканың барлық салаларында жалпы құны 967,7 млрд теңге болатын 210 жаңа инвестициялық жоба іске қосылды. Ол 19,5 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді.  Жалпы жыл қорытындысы бойынша 1,6 трлн теңгеге 291 жоба пайдалануға беріледі деп күтіледі.
  • Машина жасау өндірісі 26,8% – рекордтық қарқынмен өсті. Бұл ретте автомобиль жасау және электр жабдықтарын өндіру салаларында көрсеткіштер одан да жоғары, сәйкесінше шамамен 41% және 32% болды.
  • Биыл Қазақстан $65 млрд-тың өнімін экспорттады, сонымен бірге өңделген тауарлардың экспорты $21 млрд-қа жетті.
  • IMD әлемдік бәсекеге қабілеттілік рейтингінде Қазақстан өткен жылмен салыстырғанда 6 тармаққа көтеріліп, әлемнің 64 елінің ішінен 37-ші орынға ие болды.
  • Үкімет қаулысымен 2048 жылға дейінгі кезеңге Алматы облысында ауданы 30 мың гектар болатын «G4 City» арнайы экономикалық аймағы құрылды. 2048 жылға дейін АЭА шеңберінде шамамен 3,7 трлн теңге инвестиция тарту және 60 мыңға жуық жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.
  • Іскерлік ахуалды және бизнесті жүргізу жағдайларын жақсарту бойыншажаңа бастамалар іске асырылды.
  • «Қарапайым заттар экономикасы» кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы бойынша шарттар жетілдірілді: өңдеу өнеркәсібінің қосымша түрлері енгізілді; субсидиялау мерзімі 7 жылға дейін ұзартылған экономиканың 20 негізгі секторының тізбесі анықталды; әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері үшін қосымша қолдау шаралары енгізілді және т. б.
  • 10 мың артық бизнес талаптары алынып тасталды. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап тағы 1 мың талап алынып тасталады.
  • Тәуекелдерді басқару жүйелерін автоматтандыру жұмыстары аяқталды. Жүйені пайдалану кезінде адам факторы толығымен алынып тасталады.

  • Кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік қолдау көрсету (субсидиялау және кепілдік беру) жыл сайын артып келеді. Атап айтқанда, бұл мақсаттарға «Бәйтерек» холдингі желісі арқылы 2,3 трлн теңге бөлінді. Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау 209 млрд теңгеден 288 млрд теңгеге дейін ұлғайды.
  • Жалпы инвестиция көлемі шамамен 15 млрд теңге болды, оның 5 млрд теңгесі – «Жетісу ӘПК» ҰК» АҚ негізгі жабдықтар лизингі.
  • Жалпы, мемлекет қабылдаған шаралар ШОБ өнімін шығаруды 2022 жылдың 6 айында 23 трлн теңгеден осы жылдың сәйкес кезеңінде 29 трлн теңгеге дейін арттыруға мүмкіндік берді. ШОБ саласында жұмыспен қамтылған азаматтардың саны 500 мыңға өсіп, 4,3 млн адам болып отыр. Бұл ретте елдің ЖІӨ-дегі ШОБ үлесі 36,4%-ға жетті.
  • Экономиканы монополиядан арылту жөніндегі комиссия жұмысы басталғаннан бері республикалық және коммуналдық меншікке 15 компания, 7 ғимарат, 160-тан астам теміржол мен құрылыстар және басқа да мүліктердің (2 мың бірліктен астам) акциялар пакеті мен қатысу үлестері қабылданды.

Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына 1 млрд теңге көлемінде қаражат жіберілді. Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына шамамен 2 млрд теңге бағытталды.

Жаңа мектептер мен жатақханалар, білім беру гранттары мен шәкіртақыларды көбейту

  • Биыл ел бойынша 137 мың оқушыға арналған 165 мектеп пайдалануға берілді. Осылайша, 12 апатты жағдайдағы және үш ауысымда оқытатын 29 мектеп бойынша мәселе шешілді. 210-нан астам мектепте күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды.
  • «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 461 мың оқушыға арналған 217 мектептің құрылысы басталды (екі ауысымда).
  • Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры құрылған сәттен бастап (жемқорлардан қайтарылған қаражат) арнайы шотқа 151,9 млрд теңге түсті. Нәтижесінде жалпы сомасы 96,5 млрд теңгеге 76,7 мың оқушыға арналған 62 мектептің құрылысы қаржыландырылды. Биылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 28,6 мың оқушыға арналған 17 мектеп пайдалануға берілді.
  •  Президенттің Сайлауалды бағдарламасын іске асыру мақсатында 718 мектеп 1 067 заманауи химия, физика, биология, STEM және робототехника кабинеттерімен жабдықталды.
  • 1 қыркүйектен бастап 1,6 млн бала тегін ыстық тамақпен қамтылды.Олардың ішінде 1,4 млн бастауыш сынып оқушысы және әлеуметтік осал топтардан шыққан 200 мыңнан астам бала бар.
  • Мемлекеттік білім беру ұйымдарында оқушылардың қауіпсіздігін күшейту үшін тиісті жүйелер, атап айтқанда, бейнекамералар, дабыл түймешелері, турникеттер орнатылып, жұмысы қамтамасыз етілген.
  • «Балабақшаға есепке алудың бірыңғай базасы» әзірленіп, іске асырылуда. Екі облыста балабақшаға есепке алу жүйесі пилоттық режимде жұмыс істейді. 2024 жылы толық іске қосу жоспарланған.

  • Биылғы қаңтарда мұғалімдердің жалақысы тағы 25%-ға өсті. Осылайша, 4 жыл ішінде мұғалімдердің жалақысы 2 есе көбейіп отыр.
  • Қыркүйектен бастап 98 мыңға жуық тәрбиешінің жалақысы 30% артты.
  • «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы». Президенттік жастар кадр резервінің үлгісі бойынша мықты педагогтар қатарынан кадр резервін іріктеу және даярлау жөніндегі бағдарлама әзірленіп, іске асырылып жатыр.
  • Білім беру ұйымдарында тәрбие сапасын арттыру бойынша «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» қабылданды.
  • Азаматтарға жоғары білімді қолжетімді етудің қосымша тетігі ретінде «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін әзірлеу басталды.
  • 2023 жылы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға 88 мыңнан астам грант бөлінді.
  • 1 қыркүйектен бастап студенттердің шәкіртақысы 20% өсіп, 41 898 теңгеге (педагогикалық ғылымдар – 67 200 теңгеге) жетті, магистранттар мен докторанттар шәкіртақылары 15%-ға өсіп, тиісінше 97 024 және 217 500 теңгеге көтерілді.
  • Биыл 5,9 мың орынға арналған 25 студенттер жатақханасы пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 5 мың орындық тағы 19 жатақхана ашу жоспарланып отыр. Жалпы барлық көздер есебінен 2028 жылға дейін 55,5 мың орын пайдалануға берілетін болады.
  • Колледж студенттерінің стипендиясы 50%-ға көтерілді.
  • Колледж студенттеріне арналған жаңадан 13 жатақхана ашылды.
  •  ТжКБ ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысы 133 мың орынға дейін ұлғайтылды.
  • Зерттеу экожүйесін құру және серпінді технологияларды дамыту мақсатында Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және М. Әуезов атындағы ОҚУ зерттеу университеттеріне айналды.
  • Халықаралық академиялық рейтингтерге қатысуды кеңейту есебінен қазақстандық жоғары оқу орындарының халықаралық білім беру кеңістігінде танылу деңгейі артты.
  • 1 қыркүйектен бастап Қазақстанда педагогикалық білім беру сапасын арттыру үшін Дүниежүзілік банк желісі бойынша пилоттық режимде 30 инновациялық білім беру бағдарламасын іске асыру басталды.
  • Coursera-мен ынтымақтастық аясында пилоттық жоба ретінде курс енгізу мақсатында қазақстандық 25 жоғары оқу орнының тізімі анықталды. Бүгінде 44 мыңнан астам студент Coursera платформасында 67 мыңнан астам курстан өтіп, тиісті сертификаттар алды. Бұл курстар IT, кәсіпкерлік, физика және бизнес салаларын қамтиды.

Денсаулық сақтау жүйесінің сапасын жақсарту және жаңа медициналық мекемелердің құрылысы

  • Биыл республика өңірлерінде 90 жаңа денсаулық сақтау нысаны салынды. Оның ішінде 59-ы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде іске қосылды. Сонымен қатар 80 медициналық мекеме жөнделіп, 4 көпсалалы орталық аудандық аурухананы күрделі жөндеу жұмыстары басталды.
  • Стационарларда 3 млн-ға жуық адам көмек алып, алғашқы медициналық-санитариялық көмек желісі 90 мл-нан астам адамды қабылдады. 360 мыңнан астам жаңа туған нәресте дүниеге келді (11 айдың қорытындысы бойынша). Жедел медициналық жәрдем күштерімен 8 млн шақырту бойынша көмек көрсетілді.
  • Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10 ай ішінде халықтың жалпы өлім-жітімінің көрсеткіші 5,7%, қан айналымы жүйесі ауруларынан өлім-жітім – 6,9%, қатерлі ісіктерден – 0,6%, тыныс алу органдары ауруларынан  4,7%, туберкулезден 22,1% төмендеді. 11 айда нәресте өлімі 9,6%, ана өлімі 24,4% төмендеді.
  • Осы жылы денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру 2,5 трлн теңге болды.
  • Барлығы 3,9 млн пациент дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді.
  • Республиканың 20 медициналық ұйымында дәрілік заттардың пациентке дейін (таңбалау, кодтау) жетуін қадағалауға мүмкіндік беретін дәрілік заттарды бөлудің толық циклі іске қосылды.

  • ҚР медициналық мекемелері үшін 58,8 млрд теңгеге 514 медициналық техника сатып алынды.
  • 2023 жылы көрсетілген консультациялық-диагностикалық қызметтердің саны 2,5 есе артып, 324 млн-нан асты. Биыл 1,1 млн адам қымбат диагностикалық қызмет түрлерін (КТ/МРТ) алды.
  • Биыл 48 амбулаториялық-емханалық көмек ұйымдарында үздік тәжірибелер орталықтары ашылып, 160-тан астам маман оқытылды.
  • ҚР-да ересектер үшін 8 ауру түрін (артериялық гипертония, жүректің ишемиялық ауруы, қант диабеті, глаукома, сүт безі обыры, жатыр мойны обыры, колоректальды обыр, вирустық гепатит) ерте анықтауға арналған скринингтік бағдарлама іске асырылуда. 2023 жылы скринингтік тексерулермен қамту 2022 жылмен салыстырғанда 19,7%-ға артып, 8,5 млн адам болды.
  • Ауыл тұрғындары үшін бүйрек, асқазан-ішек жолдары, тыныс алу органдары және қуықасты без обыры ауруларын ерте анықтауға арналған скрининг кеңейтілді. Жалпы профилактикалық тексерулермен шамамен 2,6 млн ауыл тұрғыны қамтылды.  Сондай-ақ шалғай ауылдардың 50 мыңнан астам тұрғыны медициналық пойыздардың қызметімен қамтылды, бұл 2022 жылғы қамтудан 58%-ға артық.
  • Биыл 688 мың қашықтықтан медициналық қызмет көрсетілді, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 6,7 есе көп.
  • Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру шеңберінде ҚР-да 2023-2027 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспар бекітілді.
  • Елімізде трансплантология, кардиохирургия, онкология, инновациялық жасушалық технологиялар саласында 80 жаңа технология енгізілді, олар бойынша 20 мыңға жуық адам емделді.
  • Дәрігерлерге, оның ішінде аса тапшы мамандықтар бойынша қажеттілікті қамтамасыз ету үшін 2023 жылы республикалық бюджет есебінен 6 мыңға жуық білім беру гранты бөлінді.
  • Жергілікті бюджет қаражаты есебінен 16,5 мың маман біліктілігін арттырумен қамтылды.
  • 2023 жылы ҚР медициналық жоғары оқу орындарын 7 мыңға жуық дәрігер бітіріп шықты. 23 мыңнан астам орта медициналық қызметкер дайындалды.

Жаңа жұмыс орындарын құру, жас кәсіпкерлерді қолдау, жалақыны, зейнетақыны және жәрдемақыны көбейту

  • 11 айдың қорытындысы бойынша өңірлік жұмыспен қамту карталары аясында 908,5 мың адам жұмысқа орналасты.
  • Халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан азаматтарға бизнес ашу үшін 400 АЕК (шамамен 1,3 млн теңге) мөлшерінде 9,1 мың мемлекеттік грант берілді.
  • Мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына биыл 196,3 мың адам жұмысқа тұрды. 2023 жылы Алматыда жастарға жұмыс іздеуге көмек ретінде бірыңғай Jobfаir365 платформасы іске қосылды.
  • Наурызда 21 жастан 35 жасқа дейінгі өз ісін бастағысы келетін немесе кәсіпкерлікпен айналысып жүрген жастар үшін 2,5% жеңілдікпен несие беру бағдарламасы іске қосылды. Нәтижесінде жалпы сомасы 25,4 млрд теңгеге 5,4 мың бизнес-жоба мақұлданды.

  • Мемлекет басшысының «Ұлттық қор – балаларға» бастамасы аясында оны орындау тетігі әзірленіп, қажетті заңнамалық түзетулер қабылданды.
  • 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда 600 мыңға жуық азаматтық қызметшінің жекелеген санаттарының жалақысын жыл сайын орта есеппен 20%-ға кезең-кезеңмен көтеру үрдісі жалғасын тапты.
  • 1 қаңтардан бастап республикалық бюджеттен төленетін барлық жәрдемақының мөлшері 8,5%-ға көбейді. Бұл шамамен 2 млн адамға әсер етті.
  • 1 желтоқсандағы жағдай бойынша барлық жәрдемақы алушылардың саны шамамен 2 млн адам болды. Төлемдерді жасауға 1 қаңтардан бастап барлығы 1,1 трлн теңгеден астам қаражат жұмсалды.
  • 1 қаңтардан бастап Қазақстанда ынтымақты зейнетақы 10,5%-ға өсті. Нәтижесінде 1 желтоқсандағы жағдай бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 120 838 теңге болды.
  • 1 желтоқсандағы жағдай бойынша Қазақстанда 2,3 млн зейнеткер бар. 1 қаңтардан бастап зейнетақы төлеуге барлығы 3 трлн теңгеден астам қаражат жұмсалды.
  • Отбасының цифрлық картасы аясында табысы кедейлік шегінен төмен отбасыларға проактивті түрде әлеуметтік қолдау тағайындау енгізілді.
  • 1 желтоқсандағы жағдай бойынша атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) 113,6 мың отбасынан 595,7 мың адамға тағайындалды. Биыл осы мақсаттарға бюджеттен 65 млрд теңге бөлінді.

Өңдеу өнеркәсібіндегі серпінді жобалар және Қазақстанда жаңа тауарлар өндірісін дамыту

  • Биыл елімізде өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны 488 млрд теңге болатын 126 жаңа жоба іске қосылды. 8,9 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылды.
  • Бұдан бөлек, ішкі нарыққа бағытталған өнімдер шығаратын бірқатар шағын және орта жобалар іске қосылды.
  • Биылғы елеулі жетістіктердің бірі — Qarmet комбинатының Қазақстан меншігіне қайтарылуы. Меншік иесінің ауысуымен кәсіпорынға бірінші кезеңде шамамен $1,3 млрд жеке инвестиция салынады.
  • Үкімет шартты бұзған жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарттары мен лицензияларын қайта қарау жұмыстарын жүргізп жатыруде. Биыл 54 келісімшарт тоқтатылып, қатты пайдалы қазбаларды барлауға берілген 96 лицензия қайтарылды. Міндеттемелерді бұзғаны үшін 6,4 млрд теңге айыппұл салынды.
  • Биыл мемлекеттік ынталандырудың қаржылық және қаржылық емес шараларын қамтамасыз ету механизмдері қосылған Өңдеу өнеркәсібін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. 
  • Өткен жылы және биыл даму институттары өңдеу өнеркәсібі жобаларын қаржыландыруға 620 млрд теңгеден астам қаражат бөлді..
  • Өндірушілерді шикізатпен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілді.
  • Өңдеу кәсіпорындарын қолжетімді шикізатпен қамтамасыз ету бойынша заңнамалық міндеттемелерді іске асыру үшін түзетулер пакеті әзірленді.
  • ШОБ-қа инфрақұрылымдық қолдау көрсету үшін «Шағын өнеркәсіптік аймақтар» бағдарламасын іске қосу жұмыстары басталды.

Азық-түлік қауіпсіздігі және АӨК-ті дамыту, жаңа өндірістер және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау

  • Осы жылдың 11 айында ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 8,2 трлн теңге болды. 16,6 млн тонна дәнді дақылдар, 2,1 млн тонна майлы дақылдар және 5 млн жем-шөп дақылдары жиналды.
  • Қазақстанның мал шаруашылығы саласы тұрақты өсімді көрсетіп отыр. Осы жылдың 11 айында өнім өндіру көлемі 3,3%-ға артып, 3,8 трлн теңге болды.
  • Ірі қара мал басы 2,9%-ға (9 млн бас), ұсақ мал басы 4%-ға (23,6 млн бас), жылқы 8,3%-ға (4 млн бас), түйе 5,3%-ға (277,6 мың бас), сондай-ақ құс 9,5%-ға (54 млн бас) өсті.
  • Азық-түлік өндірісінің көлемі 1,9%-ға өсіп, 2,9 трлн теңге болды.
  • Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы АӨК саласындағы ірі өнеркәсіп жобаларын іске асыруға 100 млрд теңге бөлінді, бұл 65 тауарлы сүт фермасының құрылысын қаржыландыруға және сүт өндіру көлемін кемінде 373 мың тоннаға ұлғайтуға мүмкіндік береді. 2024 жылы бағдарламаны іске асыруға қосымша 100 млрд теңге бағыттау жоспарланып отыр.
  • Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту арқылы «Ауыл аманаты» атты ауыл халқының табысын арттыру бағдарламасын ауқымды түрде іске асыру басталды. 2023 жылы бұл мақсаттарға 100 млрд теңге бөлінді.
  • 2023 жылы мемлекетке 4,6 млн гектар, ал 2022 жылдың басынан бері 10 млн гектар қайтарылды.
  • 2023 жылдың басынан бастап отандық АӨК-те 164,5 млрд теңгеге 207 инвестициялық жоба іске қосылды.
  • Агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға барлық көздерден шамамен 500 млрд теңге бөлінді.
  • Субсидиялау жүйесі реформаланды. Қағидалардың барлығына Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге бағытталған ұсыныстары негізінде нақты өзгерістер енгізілді.
  • 11 айдың қорытындысы бойынша азық-түлік инфляциясының деңгейі 7,5% болды.
  • «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ желісі бойынша АӨК нысандарына несие беруге 461,6 млрд теңге, оның ішінде «Аграрлық несие корпорация» АҚ арқылы 318,6 млрд теңге және «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 143 млрд теңге бағытталды.
  • Биылғы ауа райының қолайсыздығын ескере отырып, мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет отандық фермерлерге қосымша қолдау көрсету жөнінде бірқатар шараларды қабылдады.

Осылайша, 2023 жылы ауыл шаруашылығы саласын дамытуға және қолдауға мемлекет шамамен 1,2 трлн теңге қаражат бөлді. Жалпы қабылданған шаралар фермерлердің қаржылық жағдайын жақсартады және оларға 2024 жылғы егіс науқанына уақытылы дайындалуға мүмкіндік береді.

Жаңа теміржолдар, ҮАААЖ іске қосылуы және теңіз порттарын дамыту

  • 11 айда Қазақстан аумағы арқылы жүк тасымалдаудың жалпы көлемі 895 млн тонна болады, бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,9%-ға артық. Оның ішінде транзиттің үлесі 29 млн тоннадан асып, 21%-ға өсті.
  • Салаға тартылған инвестиция көлемі 1,6 есе өсіп, 1,8 трлн теңгеге дейін жетті.
  • Биыл теміржол көлігі саласында бірнеше ірі мегажоба іске асырыла бастады. Жалпы алдағы үш жылда республикада 1 300 шақырымнан астам жаңа теміржол салынады.
  • 2023 жылы 133 локомотив сатып алынды, бұл қазақстандық локомотивтер паркін 6%-ға жаңартып, тозу деңгейін 52%-ға дейін төмендетеді.
  • Биыл жөндеу-құрылыс жұмыстары республикалық және жергілікті маңызы бар 10,7 мың шақырым автомобиль жолдарын қамтыды. Бұл мақсаттарға 753 млрд теңге қарастырылған, бұл былтырмен салыстырғанда 14%-ға артық.
  • 2024-2030 жылдар аралығында жалпы ұзындығы 9 мың шақырымнан асатын бірқатар басым жол жобаларын іске асыру жоспарланған. Оның 4,7 мың шақырымы республикалық желіде, 4,5 мың шақырымы облыстық маңызы бар жолдарда.
  • Қазақстанның теңіз инфрақұрылымын дамыту үшін бірқатар маңызды жобалар пысықталып жатыр. Ақтау портында контейнерлік хаб құру, айлақтарды реконструкциялау, сондай-ақ жүк тиеу жабдықтарын жаңарту жоспарланған.
  • Ішкі су көлігін дамыту күшейтілді. Атап айтқанда, трансшекаралық Ертіс өзенінің транзиттік әлеуетін арттырып, Ресей – Қазақстан – Қытай жаңа дәлізін құру жоспарланған.
  • 2023 жылы отандық авиакомпаниялар тасымалдаған жолаушылар саны шамамен 13 млн адам, болжамды өсім – 23%. Ел әуежайларында қызмет көрсетілген жолаушылар саны 25 млн-нан астам адамға жетеді деп күтіледі.
  • Қазақстандық авиакомпаниялардың әуе кемелері паркі 89-дан 98-ге, ал орын саны 12 мыңнан 15 мыңға дейін (+26%) өсті. Мұның барлығы рейстердің тұрақтылығын және жалпы әуе қатынасының қолжетімділігін арттырады.
  • Жеке инвестиция есебінен Шымкент, Қызылорда және Алматы қалаларында 3 жаңа жолаушылар терминалы салынып жатыр. Жұмыстар келер жылы аяқталады деп күтіледі.
  • Бүгінде Қазақстан 28 елмен халықаралық әуе қатынасын орнатқан. Аптасына 110 бағыт бойынша 4 қазақстандық және 30 шетелдік әуе тасымалдаушылары арқылы 567 рейс орындалады.
  • Биыл 23 бағыт бойынша 13 елге рейстер ашылып, жаңғыртылды.
  • Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ең ірі лоукостер AirAsia компаниясымен жұмыс жасалып, нәтижесінде әуе компаниясы 2024 жылдың наурыздан бастап Алматы мен Куала-Лумпур арасында тікелей әуе рейсі ашылатынын хабарлады.
  • Биыл Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы өңірлерде қалалық автобустарды жаңарту үшін жеңілдікпен лизингтік механизм іске қосылды. Нәтижесінде өңірлерге 2,5 мың жаңа автобус жеткізілді.
  • 11 айда ТХКБ бойынша Ақтау және Құрық теңіз порттары арқылы 2,5 млн тонна жүк өткізілді. ТХКБ дәлізі бойынша биыл алғаш рет қазақстандық мұнай тасымалданды.
  •  ЕАЭО-ның сыртқы шекарасында 2023 жылдан бастап «Қапланбек», «Қазығұрт», «Атамекен» және «Тәжен» (Өзбекстан), «Алакөл», «Қалжат», «Майқапшағай» және «Бақты» (Қытай), «Темір баба» (Түркіменстан) өткізу бекеттерінде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама