×

Қазақстанның екі жас теннисшісі үздік шетелдік ойыншы атанды

Ева Корышева 24 рет жеңіске жетсе, Даниэль Тазабеков қарсыласын 15 рет жеңді

 Дастан Жұмабекұлы 25.12.2023 | 10:34
Фото: Қазақстан теннис федерациясы

Еліміздің екі жас теннисшісі 14 жастағы Ева Корышева мен 16 жастағы Даниэль Тазабеков Tennis Europe сериясы бойынша 2023 жылдың үздік шетелдік ойыншысы атанды

Олар Еуропа теннис қауымдастығынан (Tennis Europe Tour) «Жылдың үздік ойыншысы» (Еуропалық одақ елдерінен емес) сыйлығына ие болды.

Е. Корышева биылғы жылды Ыстанбұл турниріндегі жеңісімен бастады. Содан кейін ол Бельгияда бірінші санаттағы жарыста үздік шықты. Ева Tennis Europe рейтингінде жекелей сында жылды 18-орынмен қорытындылады. Ол 24 жеңіс, 5 жеңіліспен (83 пайыз) рекордтық көрсеткіш көрсетті. Сондай-ақ жұптық сында екі мәрте жеңімпаз атанды.

Тазабеков Tennis Europe аясында өткен 7 додада бақ сынап, жақсы нәтижелерге ие болды. Соның нәтижесінде жыл соңында 20-орынға көтерілді. Оның рекордтық көрсеткіші – 15 жеңіс, 7 жеңіліс (68 пайыз). Биыл ол жұптық сында екі рет Испанияда Авилесте Apple Bowl және Италияда Толентино турнирінде (екеуі де бірінші санат) озық шықты.

Былтыр Заңғар Нұрланұлы, ал 2021 жылы Зара Дәркен үздік шетелдік ойыншы атанған еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама