×

Концерттер, шоулар, қайырымдылық кештері: Астанада жаңа жылдық мереке қалай атап өтіледі

Бүгін елорданың орталық саябағында алғашқы желілік мұз айдыны ашылады

 Динара Амантай 23.12.2023 | 17:03
Фото: Астана қ. әкімдігінің баспасөз қызметі

17 желтоқсанда елордадағы ЕХРО алаңында еліміздің бас шыршасы салтанатты түрде жағылды. Бұл – жаңа жылды мерекелеуге арналған бірқатар іс-шаралардың бастауының белгісі. Қала тұрғындары мен қонақтарына арнап қойылымдар, концерттер, таңғы мерекелік іс-шаралар, демалыс кештері және тағы басқалар ұйымдастырылады, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

23 желтоқсанда сағат 18.00-де елорданың орталық саябағында алғашқы желілік мұз айдыны ашылады. Мұз айдынының ұзындығы – 290 метр. Ол сағат мұнарасынан басталады (Тұран даңғылының жағындағы орталық саябақтың аумағы).

20-30 желтоқсан аралығында «Жастар» сарайында жаңажылдық ертеңгіліктері өтіп жатыр.

Сол күндері «Жастар» театры көрермендерді Г.Х. Андерсеннің «Қар ханшайымы» ертегісіне шақырады. Қойылымдардың басталуы: сағат 10:00, 13:00, 16:00.

20-31 желтоқсан аралығында қуыршақ театры Қ.Ежембектің «Сиқырлы сағат» ертегісін көрсете бастады. Қойылым сағат 14:00 және 16: 00-де өтеді.

23 және 24 желтоқсанда Бейбітшілік және келісім сарайында балаларға арнап ертегі көрсетіледі. Басталуы сағат 14.00 және 17.00-де.

Музыкалық жас көрермен театры «Қар ханшайымы» музыкалық ертегісіне шақырады. Ол 25 және 26 желтоқсанда сағат 15:00-де қойылады.

«Наз» мемлекеттік би театрында 28 және 29 желтоқсанда «Қош келдің, Жаңа жыл» атты жаңа жылдық ертеңгілік өтеді. Осы күндері Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында балаларға арналған театрландырылған қойылымдар өтеді.

28 желтоқсанда сағат 15:00-де Абай көшесіндегі Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы «Талант-шоу» байқауын дайындап отыр. Дәл осы күні бір сағаттан кейін Бейбітшілік көшесіндегі Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында «Қош келдің, Жаңа жыл» демалыс кеші басталады.

29 желтоқсанда сағат 11:00-де «Атамекен «Қазақстан Картасы» Этно-мемориалдық кешені «Жаңа жыл: қорытындылау және болашаққа көзқарас» тақырыбында дөңгелек үстел өткізеді. Осы уақытта «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында қызмет алушыларға арнап мерекелік концерт ұйымдастырылады.

31 желтоқсанда сағат 11:00-де М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының сахнасында А.Анатольевтің «Қар ханшайымы» ертегісін көрсетіледі.

31 желтоқсанда сағат 22:00-де қалалық алаңда, ЕХРО маңында және «Қазақ Елі» монументінің жанындағы алаңда қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен «Жаңа жыл» мерекелік концерті өтеді.

Елордада мәдени-бұқаралық іс-шаралармен қатар жаңа жылға ораё қайырымдылық шаралары да өткізіліп жатыр.

25 желтоқсанға дейін Алматы ауданы әкімінің «Жаңа жыл – жаңа үміт, жаңа серпін, жаңа леп!» атты мүмкіндігі шектеулі балалардың, жетім балалардың және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың қатысуымен іс-шара өтеді.

Осы күндері көмекке мұқтаж отбасылардың балаларына арнап тілектерін орындау мақсатында «Сиқырлы таяқша», «Армандар картасы» қайырымдылық іс-шаралары өтіп жатыр.

25-29 желтоқсан аралығында сағат 11:00 және 16:00-де Аяз ата мен Ақшақар денсаулығына байланысты үйінен шыға алмайтын балаларды аралап, құттықтайды.

26 желтоқсанда сағат 11:00-де «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы мекеменің сүйемелдеуіндегі отбасылардан шыққан 50 балаға арнап «Қош келдің, Жаңа жыл!» өтеді.

27 желтоқсанда сағат 11:00-де «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тәрбиеленушілеріне «Жаңа жылдық ертегі» мерекелік іс-шарасы өтеді.

30 желтоқсанда сағат 08.30-да 2023-2024 қысқы шаңғы маусымының ашылуы өтеді. Бұл іс-шара орталық саябақтағы шаңғы-роллер трассасында өтеді. Тіркеу – сағат 08.00-де, басталуы – сағат 10.00-де.

31 желтоқсанда сағат 20:30-да «Жаңа жылдық жүгіру – 2024» жоспарланған. Жарысқа қала тұрғындары, қала қонақтары және спорт әуесқойлары қатыса алады. Бұл жарыстың бағыты Ботаникалық бақтан «Нұр Әлем» павильонына дейін. Қатысушылардың бәрі қатысқаны үшін медальдармен марапатталады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама