×

Теңге ілу федерациясының басшысы: «Биыл жарыс та, жүлде қоры да көбейді»

Астанада «Алтын тұғыр» ұлттық сыйлығын табыстау рәсімі өтті

 Айнұр Шошаева 21.12.2023 | 21:03
фото: Halyq Uni

Қазақстанда «Теңге ілу» ұлттық спорт-ойынымен кәсіби түрде айналысатын 12 адам, әуесқой түрде айналысатын 150-ден астам адам бар. Бұл туралы «Алтын тұғыр» ұлттық сыйлығын табыстау іс-шарасына қатысқан «Теңге ілу» федерациясының президенті Амангелді Әбдіқадыров айтып берді.

Амангелді Әбдіқадыровтың айтуынша, қазір қолданыста «Теңге ілу» ұлттық спорт-ойыныың үш түрі бар.

Биыл мамандармен ақылдаса келе, теңге ілу спортының түрлерін көбейттік. Бұрын бір ғана түрі болған, қазір үш түрі – қос құраш, бес белес және жеті құт. Соңғы уақытта теңге ілуден спортшылардың қатары көбейіп келеді. Сондай-ақ чемпиондардың да қатары артып келеді. Мысалы, оңтүстік өңірлерде, Батыс Қазақстан және Ақмола облысынан чемпиондар шықты. Биыл жарыстар көбейді, жүлде қоры да ұлғая бастады. Қазір теңге ілуді басқа мемлекеттерде де насихаттауды мақсат тұтып отырмыз, - деді федерация басшысы.

Одан бөлек, Амангелді Әбдіқадыров теңге ілумен кәсіби түрде айналысатын спортшылардың аздығын қажетті инфрақұрылымның жоқтығымен түсіндірді.

«Бүгінде өңірлердегі спорт мектептерінде арнайы секциялар бар. Бірақ әлі де бұл жұмысты дамыту керек. Себебі инфрақұрылымның жоқтығынан, сондай-ақ оқу-жаттығу құжаттары болмағандықтан теңге ілу спортын көпшілік біле бермейді. Енді-енді танылып келе жатыр. Бұқаралық сипат алу үшін жарыстарды көбейтіп, насихатын күшейту қажет. Әсіресе, әлеуметтік желілерде насихаттау керек. Балабақшаларда, мектептерде ұлттық спорт туралы көп айту қажет. Бұл жұмысқа БАҚ өкілдері белсенді қатысуы керек», - деп толықтырды сөзін.

Ұлттық ойындарды кеңінен насихаттау мақсатында тағайындалған «Алтын тұғыр» жүлдесі беделді мәртебеге ие. Бұл - спортшылар мен бапкерлердің жетістіктері мен қосқан үлесін бағалайтын дәстүрлі спорт әлеміндегі ең ауқымды шаралардың бірі.

Айта кету керек, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығына 10 федерация кіреді, оның ішінде «Тоғызқұмалақ», «Бәйге», «Құсбегі», «Көкпар», «Аударыспақ», «Жамбы ату», «Теңге ілу», «Дәстүрлі садақ» ату», «Асық ату» және «JORYQ» ат спорты федерациялары бар.

Шара «АМАНАТ» партиясы мен ҚР Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен өтті. Іс-шараның бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» АҚ, серіктесі «Sport Qory» туризм және спорт саласын қолдау қоры.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама