×

Тұңғыш рет хоккейден үш бірдей ел құрамасы әлем чемпионатына қатысады

Келесі жылы жасөспірімдер, жастар және ересектер арасындағы ұлттық құрама әлемдік додада бақ сынайды

 Дастан Жұмабекұлы 21.12.2023 | 14:42
Фото: gov.kz/Туризм және спорт министрлігі

Мажарстанның астанасы – Будапешт қаласында өткен шайбалы хоккейден жастар арасындағы IA дивизионының әлем чемпионаты аяқталды. Бұл дүрмекті додада бақ сынаған Қазақстан құрамасы мерзімінен бұрын чемпионаттың бас жүлдесін жеңіп алды, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігі.

Қазақстан құрамасы бастапқы төрт ойында Мажарстан, Франция, Дания және Жапония құрамаларын жеңсе, соңғы матчта Австрия жастарына булиттер сериясында есе жіберді. Жарыс қорытындысында Сергей Старыгин жасақтаған құрама 13 ұпаймен топ жарды. Франция құрамасы – екінші, даниялықтар үшінші орынға ие болды. Ұлттық құрама қақпашысы Владимир Никитин турнирдің үздік қақпашысы атанды.

Жастар құрамасының осы жеңісінен кейін Қазақстан тарихи жетістікке жетті. Яғни, 2024 жылы өтетін әлем чемпионатының топ-дивизионында бірден үш құрамамыз – жасөспірімдер, жастар және ересектер арасындағы ұлттық құрама өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды.

Биыл біздің шайбалы хоккейден әр жастағы ұлттық құрамаларымыз тамаша нәтижеге жетіп, тарихта алғаш рет әлем чемпионатының элиталы дивизионында ойнайтын болды. Осы нәтижелерден-ақ елімізде шайбалы хоккейдің қарқынды дамып келе жатқанын байқауға болады. Жігіттер халықаралық аренада еліміздің намысын абыроймен қорғап, Қазақстанның хоккей елі екенін дәлелдеді. Жерлестерімізді жарқын жеңістерімен шын жүректен құттықтаймын! – деді Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.

Еске сала кетсек, осы жылдың сәуір айында жасөспірімдер құрамасы IA дивизионындағы әлем чемпионатында бірінші орын иеленіп, элиталы топқа көтерілген болатын. Ол кезде де ұлттық құрамаға Сергей Старыгин жетекшілік еткен еді. Ал ересектер құрамасы топтық кезеңде үш рет жеңіске жетіп, элиталы топтағы орнын сақтап, топ-дивизионда қатарынан төртінші жыл ойнайтын болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама