×

«Жайлы мектеп» жобасы аясында 200-ден аса мектептің құрылысы басталды

1 қыркүйектен бастап 1,6 млн бала тегін ыстық тамақпен қамтылды

 Динара Амантай 30.11.2023 | 09:26
Фото: primeminister.kz

Үкімет білім беру саласына қатысты биылғы жыл қорытындысын жариялады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қазір республикада мемлекет басшысының барлық деңгейдегі білім беру саласын нығайту жөніндегі бірқатар маңызды бастамалары іске асырылып жатыр.

Биыл ел бойынша 137 мың оқушыға арналған 165 мектеп пайдалануға берілді. Осылайша, 12 апатты жағдайдағы және үш ауысымда оқытатын 29 мектеп бойынша мәселе шешілді. 210 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 461 мың оқушыға арналған 217 мектептің (екі ауысымды) құрылысы басталды. Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры құрылған сәттен бастап арнайы шотқа 151,9 млрд теңге түсті. Нәтижесінде 96,5 млрд теңгеге 76,7 мың оқушыға арналған 62 мектептің құрылысы қаржыландырылды. Биылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 28,6 мың оқушыға арналған 17 мектеп пайдалануға берілді.

1 қыркүйектен бастап 1,6 млн бала тегін ыстық тамақпен қамтылды. Биылғы қаңтарда мұғалімдердің жалақысы тағы 25% өсті. Қыркүйек айынан бастап 98 мыңға жуық тәрбиешінің жалақысы 30% артты.

2023 жылы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға 88 мыңнан астам грант бөлінді.

1 қыркүйектен бастап студенттердің шәкіртақысы 20% өсіп, 41 898 теңгеге (педагогикалық ғылымдар – 67 200 теңгеге) жетті, магистранттар мен докторанттардың шәкіртақылары 15% өсіп, тиісінше 97 024 және 217 500 теңгеге көтерілді.

Колледж студенттерінің стипендиясы 50% көтерілді.

Биыл 5,9 мың орынға арналған 25 студенттер жатақханасы пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 5 мың орындық тағы 19 жатақхананы ашу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ Қазақстанда жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жұмыстары жалғасып жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама