×

Алматыда жаяу жүргіншіге жол бермеген жүргізушілер жауапқа тартылады (ВИДЕО)

Жаңа жоба қауіпті жүргізушілерді анықтауға мүмкіндік береді

 Дәурен Ерболат 19.12.2023 | 09:10
Фото: polisia.kz

Алматыда Sergek жүйесі жаяу жүргінші өткелінде адамға жол бермейтін жүргізушілерді тіркейді, деп хабарлады Polisia.kz.

Пилоттық жоба енді іске қосылды.

Биыл 11 айда көлік апатынан 556 жаяу жүргінші қаза тапты. Оның 478-і жаяу жүргінші өткелінде көз жұмған. Пилоттық жоба көлік апатынан болатын адам өлімінің азаюына ықпал етеді, - деді ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.

Заңбұзушылақтар Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 600-бабына («Жаяу жүргіншілердің немесе жол қозғалысының өзге де қатысушыларының жүруіне басымдық бермеу») бойынша тіркеледі.

Егер көлік жаяу жүргіншіден кейін жүрсе, бұл жол жүру ережесін бұзу болып саналмайды. Алайда жүргізуші жаяу жүргіншіге жол бермесе және тоқтамаса, оған айыппұл салынады.

Сонымен қатар жаяу жүргінші де, көлік құралы да бір қиылысу аймағында болса, бұл әкімшілік құқықбұзушылық болып тіркеледі.

Біздің интеллектуалды жүйеміз жол жүру ережесін бұзуды тіркеп қана қоймай, көлік апатының алдын алып, қауіпті жүргізушілерді анықтайды. Мұндағы басты мақсат – жаяу жүргіншілерді жолдан  өткізбейтін жүргізушілерді тіркеу, – деді бағдарламаны әзірлеушілер.

Сондай-ақ интеллектуалды жүйе жүргізуші мен жолаушының қауіпсіздік белдігін таққан-тақпағанын анықтауға да мүмкіндік береді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама