×

5 адамды атып өлтірген Дужновтың жазасын қай жерде өтейтіні белгілі болды

Игорь Дужнов өмір бойына бас бостандығынан айырылды

фото: kaztag

Бес адамды өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған Игорь Дужнов жазасын Қостанай облысында өтейтін болды. Бұл туралы Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті хабарлады. 

Ведомствоның мәліметінше, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлігінің 1-тармағы және 380-бабының 2-бөлігі бойынша сотталған Игорь Дужнов Алматы қаласы бойынша ҚАЖ департаментінің уақытша ұстау изоляторында қамауда. Ол аралас күзет мекемесіне өткен жылдың қазан айында орналастырылды.

«Республика аумағында барлығы 80 түзеу мекемесі жұмыс істейді, оның бірі – Қостанай облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің УК-161/3 түзеу мекемесі («Қара бүркіт.» – ред.) – өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын өткеруге бағытталған. Төтенше қауіпсіздік мекемесі Қостанай облысында, Жітіқара қаласынан 25 шақырым жерде орналасқан», делінген ҚАЖ баспасөз қызметі таратқан хабарламада. 

Сәуірдің 26-сы күні Алматыдағы Ақбұлақ шағын ауданында бес адамның өліміне қатысты іс бойынша сот аяқталды. Игорь Дужнов өмір бойына бас бостандығынан айырылды.

Еске салсақ, 2021 жылғы 20 қыркүйекте Алматының Алатау ауданындағы Ақбұлақ шағын ауданда 54 жастағы Игорь Дужнов атыс шығарды. Бес адам қайтыс болды. Олардың арасында сот орындаушысы, екі полицей және екі бейбіт тұрғын бар. Кейін белгілі болғандай, бейбіт тұрғындардың бірі үйдің жаңа қожайыны болса, екіншісі оның танысы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама