×

Қазақстанда ТМД елдерімен салыстырғанда баспана бағасы қандай

ТМД елдерінің ішінде тек Өзбекстанда Қазақстанға қарағанда тұрғын үй бағасы төмен

 Халық үні 13.12.2023 | 20:51
фото: Halyq Uni

Қазақстанда жылжымайтын мүлік бағасы қымбаттап жатыр, бүгінде тұрғын үйді кез келген азамат сатып ала алмайды. Дегенмен ТМД стандарттары бойынша еліміздегі тұрғын үй бағасы аса жоғары болып саналмайды, деп хабарлайды nur.kz.

Тұрғын үй сатып алу - көптеген қазақстандықтың көкейінде жүрген мәселе. Себебі кез келген азаматтың жылжымайтын мүлікке ақша жинау мүмкіндігі жоқ, ал пайыздық мөлшерлеме жоғары болғандықтан, нарық шарттарымен берілген ипотеканы өтеу қиынға соғады.

Одан бөлек тұрғын үй бағасы өсе бергендіктен, жылжымайтын мүлікті сатып алу одан сайын қолжетімсіз болып отыр. Мысалы, қараша айының аяғында пәтерлердің бағасы орташа есеппен 1 шаршы метріне шамамен 500 мың теңгеге жеткен. Егер мегаполистерді есепке алсақ, онда бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары болады.

Сондай-ақ, Finprom порталы мәліметіне сүйенсек, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы (ТМД) елдерінің стандарттары бойынша, Қазақстандағы жылжымайтын мүлік бағасы айтарлықтай арзан деп санауға болады.

Сарапшылардың айтуынша, 11 желтоқсандағы жағдай бойынша, елімізде қала орталығында орналасқан пәтердің 1 шаршы метрі 1,4 мың доллар тұрады. Яғни биылғы валюта бағамына сәйкес, шамамен 640 мың теңге. Бұл ТМД елдеріндегі ең төменгі көрсеткіштердің бірі.

Мысалы, Арменияда сатып алушы мұндай пәтердің шаршы метріне 2,8 мың доллар (1,3 миллион теңгеге жуық) төлеуге тиіс, ал Ресейде мұндай пәтерлер шаршы метріне 2,23 мың доллар (шаршы метрі 1,02 миллион теңге) тұрады.

ТМД елдерінің ішінде тек Өзбекстанда Қазақстанға қарағанда тұрғын үй бағасы төмен – 1,2 мың доллар, яғни шаршы метріне шамамен 537,6 мың теңге төлеуіңіз керек.

Бірақ жалға берілетін тұрғын үй секторында көрсеткіштер өзгеше. Бұл ретте Қазақстан ТМД елдерінің арасында көпшіліктен озып түскен – қала орталығында орналасқан бір бөлмелі жалдамалы пәтер құны бір айлық орташа есеппен санағанда шамамен 576,1 доллар, яғни желтоқсанның 11-іне сәйкес валюта бағамы бойынша – 264 мың теңге тұрады. Қазақстанға қарағанда жалдамалы пәтер бағасы Арменияда жоғары – бір айлық есеппен 850 доллар (389 мың теңге) тұрады.

Рейтингке кірген ТМД-ға мүше өзге елдерде тұрғын үй көпшілікке қолжетімді. Мәселен, Өзбекстанда бұл көрсеткіш – 485,2 доллар (222 мың теңге), Ресейде – 433,2 доллар (198,2 мың теңге), Украинада – 360,8 доллар (165,1 мың теңге), Әзербайжанда – 342,6 доллар (157 мың теңге), Беларусьте – 308,6 доллар (141,2 мың теңге).

Осылайша Қазақстан ТМД елдерінің арасында тұрғын үй сатып алу бағасы ең жоғары мемлекет болмағанымен, үйді жалға беру секторында көш бастап тұр десе болады. Дегенмен қазақстандықтардың сатып алу қабілетін естен шығармаған жөн, өйткені басқа елдердің стандарттары бойынша пәтерлердің бағасы "төмен" болғанымен, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету көрсеткіші төмен, БҰҰ стандарттарына жетпейді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама