×

Өткен тәулікте ТЖМ құтқарушылары 140-тан астам адамды құтқарды

Жалпы авариялық-құтқару және іздестіру-құтқару жұмыстарына 78 шығу жасалды.

 Динара Амантай 13.12.2023 | 17:56
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Ауа-райының нашарлауына байланысты (қатты боран, желдің күшеюі, нашар көріну, жауын-шашын, көктайғақ) автокөліктің барлық түрлері үшін республикалық және облыстық маңызы бар автожолдардағы қозғалысқа шектеу енгізілді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Өткен тәулікте ТЖМ құтқарушылары 140-тан астам адамды, оның ішінде 13 баланы құтқарды. Жалпы авариялық-құтқару және іздестіру-құтқару жұмыстарына 78 шығу жасалды.

Мәселен, Абай облысы Жарма ауданының Қалбатау ауылында облыстың автожолдарындағы қозғалыстың шектелуіне байланысты «Семей-Талдықорған» бағытында кетіп бара жатқан жолаушылар автобусынан ТЖД күштері 22 адамды, оның ішінде 1 баланы көрші Жаңаөзен ауылының жылыту пунктіне орналастырды. Оларға медициналық көмек қажет емес.

Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының Қалыбай кентінен 27 шақырым жерде «Самара-Шымкент» автожолының 1104 шақырым ТЖД және жергілікті атқарушы органдардың күшімен «Мәскеу-Душанбе» бағытында кетіп бара жатып, бұзылған жолаушылар автобусынан 62 адам, оның ішінде 8 бала Ырғыз кентіндегі жылыту пунктіне эвакуацияланды. Барлығы Тәжікстанның азаматтары. Оларға медициналық көмек қажет емес.

Жамбыл облысының Байзақ ауданында «Алматы-Ташкент-Термез» автожолында ТЖД күшімен бұзылған екі жолаушылар автобусынан 53 адам, оның ішінде 3 бала жол бойындағы дәмханаға эвакуацияланды. Барлығы Өзбекстанның азаматтары.

Сонымен қатар, Түркістан, Ақтөбе және Алматы облыстарында 3 шопан іздестірілді. Олардың екеуі медициналық көмекке мұқтаж емес, біреуі ауруханаға жеткізілді.

Қыста төтенше жағдайларды болдырмау үшін, ең алдымен, ауа-райының өзгеруін, метеорологиялық ақпаратты, ауа-райының нашарлауы туралы арнайы хабарламаларды, жолдардың жабылуын, дауылды ескертулерді үнемі қадағалап отыру қажет.

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама