×

Үкімет судьялардың тәуелсіздігін күшейтуге бағытталған заңнамалық түзетулердің екінші блогын қолдады

Оларды Сенат алаңында арнайы құрылған жұмыс тобы әзірледі

 Динара Амантай 13.12.2023 | 09:21
Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Әлихан Смайылов Сот әкімшілігінің басшысы Наиль Ахметзакировпен кездесу өткізді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Кездесу барысында сот жүйесін реформалау жөніндегі заңнамалық түзетулердің екінші блогы талқыланды.

Бұған дейін Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиев мемлекет басшысын ұсынылып отырған жаңашылдықтар туралы хабардар еткен болатын.

Түзетулерді Сенат алаңында арнайы құрылған жұмыс тобы әзірледі. Өзгерістер «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға, процестік кодекстерге, сондай-ақ бірқатар арнайы заңдарға енгізіледі.

Жоғарғы сот төрағасы ұсынған негізгі жаңашылдықтардың бірі – қылмыстық және азаматтық істер бойынша кассациялық өтінішхаттарды алдын ала қарауды алып тастау.

Бұл ретте президенттің тапсырмасы бойынша қазір дербес кассациялық инстанциялар құру мәселесі пысықталып жатқанын айта кету керек.

Сондай-ақ заң жобасы сот алқасының және сот төрелігі сапасы жөніндегі комиссияның жұмысын жетілдіруге, судьялардың тәуелсіздігін күшейтуге бағытталған.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында апелляциялық немесе кассациялық сатыдағы сот актісінде көрсетілген өрескел бұзушылықтардың барлық фактісі автоматты түрде сот алқасына берілетін жаңа механизм енгізіліп жатыр.

Сондай-ақ бағалау көрсеткіштерінің саны оңтайланып, отставкадағы судьялар үшін әлеуметтік пакет жақсарады. Бұған қоса, мемлекеттік қызметкер саналмайтын заңгерлер үшін сот төрелігі академиясында оқу қолжетімді болмақ.

Н. Ахметзакиров заң жобаларын іске асыру бюджеттен қосымша қаражат бөлуді талап етпейтінін атап өтті. Шығындар президенттің тапсырмасы бойынша енгізілген сот жүйесін (барлық мемлекеттік органдар шығындарының жалпы сомасынан кемінде 6,5%-ы) қаржыландырудың жаңа моделі аясында іске асырылады.

ҚР Конституциясының 61-бабына сәйкес енгізілген түзетулер бойынша қабылданған Үкіметтің оң қорытындысы заң жобаларына одан әрі бастамашылық жасау үшін Мәжіліс депутаттарына жолданады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама