×

Бүгін елордадағы аяз салдарынан ұшақтың өзі іске қосылмай қалды (ВИДЕО)

Қозғалтқышты жылытатын жылытқыш құралы да болмаған

 Еркеғали Болатұлы 12.12.2023 | 17:33
фото: видеодан скриншот

Qazaq Air әуе компаниясының «Астана – Ақтөбе» рейсі бүгін кешіктіріліп ұшты. Елордада қақаған аяз салдарынан ұшақ қозғалтқышы іске қосылмаған.

Қозғалтқышы қатып қалған ұшақтың видеосы Umarovnews басылымының Instagram парақшасына жарияланды. Оны жолаушылардың бірі түсірген.

Видеодан жолаушылардың бірінің «Адамдар қозғалтқышы іске қосылмай жатқан ұшақтың ішінде отырғанына 40 минут болды» дегенін естуге болады. Олардың айтуынша, ұшақтың іші суық болған.

Qazaq Air әуе компаниясының өкілдері оқиғаға қатысты пікір білдірді. Олардың айтуынша, бүгін Астанада ауа температурасының күрт төмендеуіне байланысты «Астана – Ақтөбе» бағыты бойынша IQ399 рейсі кейінге шегерілген. Астана әуежайы ресми сайтының мәліметінше, рейс сағат 07:40-та ұшуға тиіс болған.

Қозғалтқыштағы майдың қоюлығы жоғары болғандықтан, турбина іске қосылған кезінде қажетті жылдамдыққа жете алмаған. Сол себепті қозғалтқыш іске қосылмады. Мұндай жағдайда әуежай универсалды қозғалтқышты жылытатын жылытқыш құралын береді. Қажетті жабдықтың болмауына байланысты Астана әуежайында ұшақ қозғалтқышын іске қосу жұмыстары ұзаққа созылып кетті. Туындаған жайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз, – деп мәлімдеді әуе компаниясы.

Осылайша, рейс Астана әуежайынан сағат 13:23-те бір-ақ ұшқан.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама