×

Жылдың соңғы айы: бюджетті игере алмай отырған министрліктер мен әкімдіктер аталды

Әкімдіктер 176 млрд теңгені игермеген

 Дәурен Ерболат 12.12.2023 | 16:50
көрнекі фото: Halyq Uni

Премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев биыл 11 айдың қорытындысы бойынша мемлекет қаржысының игерілуі жайында есеп берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Биыл 11 ай ішінде мемлекет бюджетіне түскен кіріс сомасы – 8,2 трлн теңге.

«Республикалық бюджетке 12,6 трлн теңгеге жуық қаражат түскен. Алайда жоспар тиісті деңгейде орындалмаған. Жоспар 94,4% орындалды. Оның орындалмауы негізінен салықтарға тиесілі. Атап айтқанда, корпоративтік табыс салығы, импортқа салынатын қосылған құн салығы, пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық және шикі мұнайға экспорттық кеден бажы есебінен қалыптасты», - деді министр.

Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, жергілікті бюджеттердің кірісі 5,7 трлн теңге болды. Жоспар 478 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша 425 млрд теңгеге асыра орындалған.

Республикалық бюджет бойынша сомасы 20 трлн теңгеге шығыстар жүргізілді. Атқарылмаған сома – 336 млрд теңге, оның ішінде үнемдеу – 29 млрд теңге. Игерілмегені – 307 млрд теңге.

Ең көп игерілмеген сома Ішкі істер, Өнеркәсіп және құрылыс, Төтенше жағдайлар және Мәдениет және ақпарат министрліктеріне тиесілі.

Игерілмеудің негізгі бірнеше себебі – өнім берушілердің тауарларды уақтылы жеткізбеуі, конкурстық рәсімдерді дер кезінде өткізбеуі, қосымша келісімдерді жасасу рәсімдерін ұзақ жүргізу және тағы басқа, - деді Ерұлан Жамаубаев.

Жергілікті бюджеттердің шығысы – 12 трлн теңге. Атқарылмағаны – 531 млрд теңге.  Биыл өңірлерге 2 трлн теңгеге жуық нысаналы трансферттер көзделген.

«Оларға желтоқсанда 1 трлн 752 млрд теңге бөлінді: 89,8% игерілді. Атқарылмағаны – 179 млрд теңге, оның ішінде 3 млрд теңге – үнемдеу, 176 млрд теңге игерілмеген. Ең көп игерілмеген сома Астана қаласы, Маңғыстау, Атырау және Батыс-Қазақстан облыстарына тиесілі», - деді Ерұлан Жамаубаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама