×

Әлем чемпионы атанған каратэшілерге Астанада құрмет көрсетілді

Отандық құрама жалпыкомандалық есепте I орынға қол жеткізді

 Динара Амантай 08.12.2023 | 15:57
Фото: Астана қ. әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматыда 24-26 қарашада киокушинкай-кан каратэден өткен әлем чемпионатында жеңімпаз атанған астаналық 8 спортшы қала әкімінің орынбасары Есет Байкеннің қабылдауында болды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Есет Байкен спортшыларды әлем чемпионатындағы жеңісімен құттықтады.

Халықаралық ареналарда толағай табыстарға қол жеткізген жерлестеріміз әлем алдында ел абыройы мен мәртебесін арттыруда. Сіздер де, міне, Алматыда каратэден өткен әлем чемпионатында жоғары спорттық шеберлік танытып, жетістіктеріңізбен қуанттыңыздар. Елордалық құрама 8 алтын, 9 күміс және 16 қола медаль жеңіп алды. Осылайша, ел құрамасының жалпыкомандалық алтын медалін жеңіп алуға үлкен үлес қосты. Бірден 8 елордалық каратэші әлем чемпионы атанды. Осы тұста жаттықтырушылардың еңбегін атап өткен жөн. Сіздердің қаншама жылдық еңбектеріңіздің арқасында біздің спортшылар табандылық пен батылдықтың нақты үлгісін көрсете алды, – деді қала әкімінің орынбасары Есет Байкен.

Еске сала кетсек, 2 жылда бір рет өтетін әлем чемпионаты биыл Алматыда өтті. Жарыста 700-ге жуық спортшы, 35 құрама команда бақ сынады. Қазақстандық құрама ең жоғары көрсеткішке жетіп, жалпыкомандалық есепте I орынға қол жеткізді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама