×

Алматыдағы заңгер әйелдің өлімі: 18 рет пышақтаған күйеуіне сот үкімі шықты

Әйел ауруханада көз жұмды

 Халық үні 06.12.2023 | 23:21
Фото: azattyq-ruhy.kz

Алматыда заңгер әйелін 18 жерінен пышақтап өлтірген бұрынғы күйеуі жазасын толық өтейтін болды. Сот Талғат Нұртаевті 11 жылға бас бостандығынан айырған болатын. Бірақ адвокаты Нұртаев жұбайын қасақана емес, абайсызда жазым қылды деп апелляциялық шағым түсірген еді. Бүгін өткен процесте судья бұл уәжі негізсіз деп, үкімді өзертпеді, деп хабарлады КТК арнасы.

Еске салсақ, заңгер Айман Асановамен Талғат Нұртаев 2019 жылы отбасын құрған. Үш жыл ғана некеде тұрып, жиілеген ұрыс-керістің кесірінен екеуі ақыры ажырасады. Алайда жанжал мұнымен бітпеген. Енді ортақ мүлікті бөлу мәселесіне келгенде кикілжің одан бетер ушыға түскен. Осылайша әңгіменің тоқ етерін қою үшін Талғат Нұртаев бұрынғы әйелін дәл үйінің алдынан ұстап алады. Сол күні тергеу мәліметінше, ол 42 жастағы Айман Асановаға 18 жерінен пышақ сұққан. Әйел ауруханада жантәсілім етті.

Әу баста қылмыс ашу үстінде жасалды деп, сот қаскөйді бір жарым жылға ғана бас бостандығынан айырған еді. Бірақ бұл шешім қоғамда үлкен дау туғызды. Жазаның тым жеңіл екенін айтып марқұмның жақындары да қарсы шыққан. Ақыры Нұртаев экс-әйелін қасақана өлтіргені дәлелденіп, бір жарым жыл жазасы 11 жылға ұзартылды. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама