×

Ұйымдасқан қылмыстық топтың тағы бір мүшесі Сербиядан экстрадицияланды

Қазір күдікті Астана қаласының тергеу изоляторына қамалды

 Динара Амантай 06.12.2023 | 10:29
Фото: видеодан скриншот

Ұйымдасқан қылмыстық топтың тағы бір мүшесі Сербиядан экстрадицияланды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Еске сала кетсек,18 қарашада «OLIMP KZ» букмекерлік кеңсеcінің қызметімен байланысты қылмыстық топтың құрамында болған күдікті Германиядан Қазақстанға экстрадицияланған болатын. Бүгін Бас прокуратура, Қаржылық мониторинг агенттігі және ІІМ-нің Интерпол қызметкерлері Сыртқы істер министрлігінің көмегімен оның сыбайласын Сербия Республикасынан экстрадициялады.

Олар 2014-2019 жылдары қылмыстық топтың құрамында заңсыз құмар ойындарын өткізуге, салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтарған, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған ақша мен мүлікті заңдастыруға қатысы бар деген күдікке ілінген. Аталған заңсыз әрекеттердің салдарынан мемлекетке 86 миллиард теңгеден астам шығын келтірілген, – делінген прокуратура хабарламасында.

 Осыған байланысты күдіктілерге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, кейін оларға халықаралық іздеу жарияланған.

 Қылмыстарды жасағаны үшін мүлкін тәркілеумен 3 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Қазір күдікті Астана қаласының тергеу изоляторына қамалды.

 Айта кетсек, фигурантты экстрадициялау Қазақстан мен Сербия арасындағы «Ұстап беру туралы» шарттың болуына байланысты мүмкін болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама