×

10 айда өңірге 365 млрд теңге инвестиция тартылды – Қарашөкеев

Бизнесті қолдауға 24,5 млрд теңге бөлінген

 Дәурен Ерболат 05.12.2023 | 18:50
Фото: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

2023 жылғы 10 айда өңірге 365 млрд теңге инвестиция құйылды. Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Ербол Қарашөкеев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткішіне тоқталды.

Биыл облыстың экономикалық көрсеткіштері оң динамикаға ие болды. Бізде жалпы өңірлік өнімнің (ЖӨӨ) көлемі 6,1%-ға өсіп, 1,3 трлн теңгеге жетті. Мысалы, байланыс қызметі – 8,1%-ға, құрылыс – 11,1 %-ға, сауда – 2,6%-ға артты. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 0,6%-ға ұлғайып, 695 млрд теңге болды. Ондағы басым үлес өңдеу өнеркәсібіне тиесілі – 71%. ТМК – 17,1%-ға, химия өнеркәсібі – 7,3%-ға, жеңіл өнеркәсіп – 5,8%-ға, құрылыс индустриясы – 0,6%-ға өсті, - деді облыс әкімі.

Сондай-ақ өңір басшысы инвестиция мәселесіне жеке тоқталды.

Биыл 10 айда өңірге шамамен 365 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12%-ға артық. Бүгінде облыстың инвестициялық портфелінде жалпы көлемі 2,3 трлн теңге болатын 69 жоба бар. Оларды 2026 жылға дейін іске асыру жоспарланған. 2023 жылы 87 млрд теңгеге 20 жоба іске асырылады, - деді Ербол Қарашөкеев.

Облыс әкімі аудан әкімдеріне тапсырма бергенін атап өтті.

Біз кедергілердің алдын алуға, инвестиция тарту бойынша тиімділікті арттыруға ниеттіміз. Сондықтан біз «бір терезе» қағидатын іске қостық. Аудан әкімдері үшін жаңа KPI жүйесі енгізілді. Бұл олардың жұмысының тиімділігін инвестиция тарту көрсеткіші бойынша бағалауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ірі жобалардың негізінде кластерлерді қалыптастыруға баса назар аударылады. Нәтижесінде біз жергілікті шағын және орта бизнестің қатысуымен қосалқы өндірістерді дамытуға жағдай жасаймыз. Нақтырақ айтқанда, бой көтеріп жатқан зауыттардың маңында шағын және орта өндірістер құруды жоспарлап отырмыз, - деді Ербол Қарашөкеев.

Оның айтуынша, Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 24,5 млрд теңгеге 2,1 мың жобаға қолдау көрсетілген.

Өңірде ШОБ санының 25,5%-ға өсімі байқалса, онда жұмыспен қамтылғандар саны 23,6-%-ға, ШОБ субъектілерінің өнімдері мен қызметтерінің көлемі 22%-ға артты, - деді ол.

Сонымен қатар облыс жаңартылатын энергия көздері жобаларына басымдық беріп отыр.

«Бұл сала бойынша Жамбыл облысы елімізде алдыңғы қатарда. Өңірде жалпы қуаты 451,3 МВт болатын 21 ЖЭК нысаны жұмыс істеп жатыр», - деді Ербол Қарашөкеев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама