Бұған дейін бір ер адам мен бір сәбидің қаза болғаны айтылған еді
Денсаулық сақтау министрлігі Шымкент перзентханасындағы жағдайды бақылауда ұстап отыр, деп мәлімдеді ДСМ.
«Шымкент қаласындағы №1 облыстық перинаталдық орталық жанында орналасқан жеке дәріхана ғимаратында жарылыс болды. Өкінішке қарай, 1979 жылы туған күзетші Б., 1980 жылы туған жұмысшы Ш. және 18 күн бұрын туған бір сәби қайғылы оқиғаның құрбаны болды. Тағы 8 адам зардап шекті. Олардың барлығы қаланың медициналық мекемелеріне жатқызылды», – дейді министрлік.
Оқиға кезінде перинаталдық орталықта 189 науқас пен 65 қызметкер болған. Олардың барлығы Шымкенттің басқа медициналық ұйымдарына көшірілді.
Психологтар тобының жұмысы ұйымдастырылды. Бұдан басқа Түркістан облысы бойынша жүкті және жаңа туған нәрестелерді бағыттауды ұйымдастыру әрі өзгерту бойынша жұмыстар шұғыл түрде жүзеге асып жатыр, – деді ведомство.
Медициналық қызметкерлер бригадалары ауылда перинаталдық көмек көрсету үшін аудандық ауруханаларға жіберіледі. Себебі №1 ОПО 3-ші деңгейдегі функцияларды орындап, облыстың 7 ауданынан жүкті әйелдер мен жаңа туған нәрестелерді емдеуге жатқызуды жүзеге асырды.
«Зардап шеккендерге А.Сызғанов атындағы ҰҒХО дәрігерлері кеңес беріп жатыр», – делінген ақпаратта.
Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасын уақытша өңірлендіру туралы тиісті бұйрық дайындалып, өңір әкімінің орынбасары бастаған облыстық клиникалық ауруханада жұмыс штабы құрылды. Жағдай денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында тұр. Оқиға орнына ДСМ ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің басшысы барды.
Шымкентте алапат жарылыс болып, ғимарат күзетшісі қаза тапты. Жан-жағын жайпаған жарылыс орнына Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов те жетті.