×

Жан-жағын жайпаған жарылыс орнына Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов те жетті

5 қабатты тұрғын үйдің балкондары мен терезелері және 7 жеңіл автокөлік бүлінген

 Еркеғали Болатұлы 21.05.2022 | 14:16
Фото: Шымкент қ. ТЖД

Шымкент ТЖД перзентхана маңындағы жарылыстың мән-жайын айтып, оқиға орнында түсірілген кадрларды көрсетті.

Құтқарушылардың айтуынша, төтенше жағдай ауруханааралық дәріханада газдың жиналу себебінен болып отыр. Жарылыс салдарынан ғимарат құлаған. Сондай-ақ жанындағы 5 қабатты тұрғын үйдің балкондары мен терезелері және 7 жеңіл автокөлік бүлінген.

«Жарылыс салдарынан «Ауруханааралық 138-дәріхана» ЖШС-не тиесілі екі қабатты жеке тұрған ғимаратта өрт шыққаны анықталды. Ғимараттың жалпы ауданы 360 шаршы метр, қабырғалары кірпіш. Сағат 12.06-да өрт ауыздықталды. Алдын ала өрт аумағы 55 шаршы метр. Өртті жоюға ТЖД-ның 37 қызметкері мен 9 техникасы жұмылдырылды. Жарылыстың себебі анықталып жатыр», - деді Шымкент қалалық ТЖД баспасөз қызметіндегілер.

Ал соңғы ақпаратқа сүйенсек, жарылыс кезінде перинаталдық орталықта 189 адам және 65 қызметкер болған. Қаза тапқандар – 1 қызметкер (күзетші Ж.Бүркітбаев, 1979 ж.), 1 нәресте (өмірінің 18-ші күні). 8 адам зардап шегіп, қаланың медициналық мекемелеріне жатқызылған.

Төтенше жағдай орнына қала әкімі Мұрат Әйтенов те жетті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама