×

«Ұлы дала жорығы»: 90 шақырымдық аламанда алғашқы үш жүлдені бір аудан иеленді

Бұл бәйге марафонында 10 жүлде тағайындалған

 Еркеғали Болатұлы 03.12.2023 | 16:05
фото: Атырау облыстық «Бәйге» федерациясы

Атырауда «Ұлы дала жорығы» жобасы аясында 90 шақырымдық бәйге марафоны өтті. Ұзақ қашықтықтағы ат бәйгесінің жеңімпазы 2 млн теңгеге ие болды.

Өңірдегі бұл алғашқы бәйге марафоны Махамбет ауданында ұйымдастырылып отыр. Оны облыстық бәйге федерациясы өткізді. Спорттық іс-шараға облыс әкімдігі мен облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы қолдау көрсетті.

Бір қызығы, бұл аламанда алғашқы үш жүлдені Қызылқоға ауданының үш жүйрігі иеленді. Мұқыр ауылында тұратын Тайжановтар әулеті қосқан «Нұртөбел» жүйрігі мәреге бірінші болып жетті. Желдей ескен жүйрікті атбегі Әлеке Бөлтеков баптаған. Ал шабандозы – Бақытжан Жеткізген. Жеңімпаз жүйріктің иесіне 2 млн теңге берілді.

Ал екінші жүлденің сыйақысы – 1 млн теңгені Миялы ауылының тұрғыны Қайырбек Баймұратовтың «Айтұмар» жүйрігі иеленді. Ауыздығымен алысқан бұл жүйрікті де Әлеке Бөлтеков баптаса, шабандозы – Иса Жаңғабыл.

Мәре сызығын үшінші болып қиған «Күнқасқа» тұлпарын Тайсойған ауылының тұрғыны Есенғабыл Қосаев қосты. «Күнқасқаның» шабандозы Досжан Досқали 800 мың теңгеге ие болды.

Бір ерекшелігі, бұл бәйге марафонында 10 жүлде тағайындалған. Мәселен, төртінші орынға – 700 мың, бесіншіге – 600 мың, алтыншыға – 500 мың, жетіншіге – 400 мың, сегізіншіге – 300 мың, тоғызыншыға – 200 мың, ал 10-шы орын иегеріне 100 мың теңге берілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама