×

Астанада мейрамхананың ғимараты филармонияға берілді

Бұрын ол «Октябрь» кинотеатры да болған

 Дастан Жұмабекұлы 03.12.2023 | 13:00
Фото: Сергей Даркус

Астанада Europa Palas қонақ үй мен мейрамхананың ғимаратына Астана қаласы әкімдігінің «Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясы» МКҚК орналасты.

Бұған дейін Europa Palas қонақ үйі мен мейрамхананың ғимаратында «Октябрь» кинотеатры болған. Бұл ғимарат өткен ғасырдың бас кезінде салынған. Ал 2000-жылдардың басынан осы кезге дейін онда қонақ үй мен мейрамхана орналасты.

Тарихқа көз жүгіртсек, 1910 жылы Ақмолада А. Скворцов пен Д. Егоров деген кәсіпкерлер алғашқы кинотеатрды ашқан екен. Оның аты – «Метеор» деп аталыпты. Одан кейін «Метеорда» өрт шығып, кәсіпкерлер «Прогресс» кинотеатрын ашқан. Ол 1919 жылға дейін жұмыс істепті.

1925 жылы «Прогресс» кинотеатрының орнына «Пролетарий» кинотеатры ашылыпты. Онда Кеңес Одағы мен шетелдің фильмдері көрсетілген.

Тың игеру кезінде Ақмоланың аты Целиноградқа өзгертіліп, қалада тағы 3 кинотеатр ашылған. Соның ішінде 90-жылдары жалғыз «Октябрь» кинотеатры қалған. Ал жоғарыда атап өткеніміздей, 2000-жылдардың басында ол жабылып, орнына қонақ үй мен мейрамхана ашылған болатын. Енді міне, оның ғимараты Астана қаласы әкімдігінің «Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясы» МКҚК-ға беріліп отыр.

Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармония – Астананың ертеден келе жатқан мәдениет мекемелерінің бірі.

Филармония жаңа ғимаратқа көшпес бұрын Конгресс-холл ғимаратында орналасқан еді. Ол КСРО кезінде Тың игерушілер сарайы еді. Осы сарай патша кезінде Ақмоладағы үлкен жәрмеңкенің орны болған. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен саудагерлер мен өнерпаздар келіп, сауда жасап, өз өнерлерін көрсететін. Мұнда атақты Ғазиз Файзоллаұлы, Сатмағамбет Ахметов, Қосымжан Бабақов, Қарақас, Қапаш, Исабай және тағы басқа әншілердің көптеген жанкүйерлері жиналды. Белгілі музыканттар өздерінің шығармаларымен қоса, Ақан сері, Біржан салдың әйгілі туындыларын да орындады. Филармонияның қазіргі музыкалық жан-жақтылығы мүмкін осыдан бастау алған шығар, – делінген филармонияның хабарламасында.

1982 жылы филармония мемлекет қорғауындағы республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізілді. 1997 жылы Ақмола мемлекеттік облыстық филармониясы болып қайта құрылса, 1998 жылы Астана қаласының мемлекеттік филармониясы болып құрылды.            

2014 жылы 21 қарашада Үкімет қаулысымен филармонияға «Астана қаласы әкімдігінің мемлекеттік академиялық филармониясы» мәртебесі берілді.

2021 жылдан бері ол көрнекті қазақ композиторы Еркеғали Рахмадиевтің есімімен аталып келеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама