×

Павлодар облыстық сотында Нұрлан Мәсімовтың апелляциялық шағымы қаралды

Алайда апелляциялық шағым қанағатттандырылмады

 Халық үні 02.12.2023 | 07:12
фото: видеодан скриншот

Павлодар облыстық сотында Павлодар облысы полиция департаментінің экс-басшысы Нұрлан Мәсімовтың апелляциялық шағымы қаралды, деп хабарлайды облыстық сот.

Апелляциялық шағымды сотталушының қорғаушы тарапы түсірген.

«Бұрын, алқабилердің шешімімен М, С. және Е. сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу және талан-таражға салу, сол әрекетімен мемлекетке 423 млн. теңгеден астам сомаға залал келтірді, сондай-ақ М. пара алды және Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын қасақана заңсыз кесіп өтті, парақорлыққа делдал болды деп айыпталған болатын», - дейді ведомство.

Нұрлан Мәсімов биыл тамыз айында 10 жылға бас бостандығынан айрылған болатын. Ал Мәсімовпен бірге қылмыстық іске қатысы бар деп айыпталған Евгений Евкович – 7 жылға, ал Павлодар полициясы бастығының бұрынғы орынбасары Дамир Сиразидимов – 8 жылға бас бостандықтарынан айырылды.

«Апелляциялық шағымда сотталғандар М. және С. және олардың қорғаушылары қылмыстық-процесте заңының елеулі түрдегі бұзушылықтарына байланысты үкімнің күшін жоюды және істі өзге құрамда жаңадан бірінші сатыдағы соттың қарауына жіберуді сұрады. Сотталған Е. қылмыспен келтірілген залалды, сондай-ақ іс жүргізу шығындарын және үкіммен өндіріп алынған өзге де сомаларды толық өтеді. Сондықтан ол үкімді өзгертуді және оған бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұрады», - дейді облыстық сот.

Алайда апелляциялық шағым қанағатттандырылмады.

«Іс бойынша үкімнің күшін жоюға әкеп соқтыратын қылмыстық процестік заңының елеулі бұзушылықтары анықталған жоқ. Осыған байланысты М. және С.-ға қатысты үкім өзгеріссіз, ал апелляциялық шағымдар қанағаттандырусыз қалдырылды», - деді сот.

Ал Евковичке қатысты кінәні мойындауын, залалды толық өтеуін, соттылығының болмауын, алғаш рет қылмыстық жауапкершілікке тартылуын, отбасылық жағдайы мен оның жеке басы туралы оң деректерді ескере отырып, жаза мерзімі 5-жылға дейін төмендетілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама