×

«Түтіннен адамдар жөтеліп құлады»: хостелдегі өрттен аман қалғандар оқиға туралы айтып берді

Александр Оков отқа оранған панажайды осыдан 15 күн бұрын бір айға жалға алған

 Халық үні 01.12.2023 | 08:50
Фото: видеодан алынды

Өрттен зардап шеккендер өзге панажайларға жайғастырылды. Медициналық және психологиялық көмек көрсетіліп, еріктілер азық-түлік және қажет заттармен қамтамасыз етіп жатыр. Аман қалғандар хостелдегі өрттен сыртқа әрең шықтық деп отыр. Айтуларынша, жертөледе терезе атымен жоқ. Шығар жол біреу ғана. Ал бірінші қабатында терезе бір бөлмеде ғана болған. Қарбалас басталғанда тіпті жеке құжатын алмастан қашқан. Иіс тиген төрт адам жедел жәрдем бригадасымен ауруханаға жеткізілді, деп хабарлады КТК арнасы.

Алматы хостелінің тұрғындары түннен түгел шықпады. Тілсіз жаудан әзер сыртқа сытылғандар әлі де үрей құшағында. Қайғылы оқиғаның ортасында болғандың көбі шаһар қонақтары екен. Өңірлерден келгендерден бөлек, шетел азаматтары мен студенттер де бар. Біразы қалада жалданып жұмыс істейтіндер.

«Таңға қарай шудан ояндым. Жер сілкінісі болды ма деп қалдым. Дабыл жәй ғана шығып тұр. Айнала қара түтін. Иіс барлық жерді алып жатыр. Ағаларыммен өзге бөлмедегілерді оятуға жүгірдік. Өрт жертөледен шықты. Ал бірінші қабатта тұратындарымыз түгел сыртқа шығып үлгердік. Біз Меркіден осында жұмыс істеуге келгенбіз», - дейді  хостел тұрғындарының бірі.

Александр Оков отқа оранған панажайды осыдан 15 күн бұрын бір айға жалға алған. Небәрі 25 мың теңгелік хостелдің сиқына емес, бағасы арзанына және жұмысыма жақындығына қарадым дейді. Таңға жуық абыр-сабыр басталғанда барлық тұрғын жалғыз терезеге ұмтылғанын айтады. Ішті қара түтін басып, бір адым жер көрінбеген. Жеке құжатын да алып үлгермеген.

«Өртті көрмедім. Түтін қатты болды. Көзім ештеңе көрмеді. Мен шыққан дауыстарға қарап жүре бердім. Терезені сындыруға көмектестім. Бірақ жертөлеге түскім келді. Ештеңе көрмедім. Кейбіреулер, үлгергені есіктен шықты. Кім ана жақта қалды, біз терезені шақтық. Бірақ шаққан оңай болмады. Қолымызда тумбочка, қолға не алдық, сонымен шақтық. Өйткені түтіннен адамдар жөтеліп құлады», - дейді Александр Оков.

Далада қалғандарды әкімдік қайтадан шаһардағы өзге хостелдерге жайғастырды. Бірінен екіншісіне ауысқан олар тағы да 7-8 адаммен қуықтай бір бөлмеде бас сауғалайды. Әзірге бір аптадай тегін тұрады.

«Өрттен 56 адам құтқарылды. Оның 45-ін біз алдымен жақын маңдағы спортзалдарға апарып, ыстық тамақ пен қажет заттармен қамтыдық. Медициналық және психологиялық көмек көрсетілді. Одан кейін екі хостелге тегін орналастырдық. Барлығының хал-жағдайын біліп, қажет деген заттарының тізімін жасап, апарып береміз», - дейді Алмалы ауданының әкімі Айдар Жәкібаев.

 Ал ауруханаға төрт адам түскен. Дәрігерлер науқастардың жағдайы тұрақты дейді. Олардың бірі — Үндістан азаматы.

«Өрттен болған жерден төрт адам біздің жедел ауруханамызға келіп түсті. Науқастардың біреуі көмірқышқыл газымен уланып, токсикология бөліміне жатқызылды. Жағдайы орташа ауыр, тұрақты. Қалған үш науқас толық тексерістен кейін психологиялық көмектен кейін амбулаториялық емге жеткізілді», - дейді  Алматы жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының бөлім меңгерушісі Бауыржан Омаров.

Жаны аман қалғандар өрт кезінде хостелден әзер шыққанын айтады. Жертөледе терезе атымен жоқ. Бірінші қабатының өзінде қуықтай бөлмелер де қарастырылмаған. Тіпті зардап шеккендерді орналастырған өзге панажайлардағы жағдай да дәл сондай.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама