×

Мемлекет басшысы хостелдегі қазаға байланысты көңіл айтты

Үкімет пен әкімдікке зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсету тапсырылды

 Дастан Жұмабекұлы 30.11.2023 | 14:44
Фото: Stan.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласындағы хостелдердің бірінде қаза тапқан Қазақстанның және шетел азаматтарының жақындары мен туған-туыстарына көңіл айтты.

Қайғылы жағдайға кінәлілер заң бойынша жауапқа тартылады. Үкімет пен әкімдікке зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсету тапсырылды.

Еске сала кетсек, бүгін Алматыда таңғы сағат 05:33-те Әди Шәріпов көшесіндегі үш қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында және жертөлесінде орнанасқан хостел өртеніп, 13 адам көз жұмған болатын. Сондай-ақ хостелден 59 адам қауіпсіз жерге көшірілді.

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың өкімімен Алматы қаласындағы хостелде болған өрттің себептерін тексеру және оның салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды.

Алматы қаласының ТЖД осы оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 292-бабына сәйкес қылмыстық істің тіркелгенін хабарлады

Хостелдің үш қабатты тұрғын үйдің 1-қабатында және жертөлесінде заңсыз орналасқаны анықталды. Оның үстіне, хостелдің ешқандай санитарлық-эпидемиологиялық, құрылыс талаптары мен өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамай, жалға беріліп келгені анықталды. Бұл туралы Алматы қаласының әкімдігі хабарлады.

Қаза тапқан Қазақстан азаматтарының туыстары 1 млн теңге көлемінде материалдық көмек алады. Тиісті тапсырманы қала басшысы Ерболат Досаев берді. Бұл туралы ӨКҚ брифингінде Алмалы ауданының әкімі Айдар Жақыбаев мәлімдеді.

Қала басшысы Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша өрт кезінде қаза тапқандардың отбасыларына 1 млн теңге көлемінде қаржылай көмек бөлінетін болады. Сондай-ақ, бұрын айтылғандай, Алматы әкімінің тапсырмасы бойынша әкімдік қаза тапқандардың денелерін көрсетілген жерлерге, оның ішінде еліміздің басқа өңірлеріне тасымалдауға жәрдемдесетін болады. Бұдан басқа, жерлеу процесін қоса алғанда, Алматы қаласының аумағында жерлеуді ұйымдастыруға толық жәрдем жасалады, – деді Айдар Жақыбаев.

Қаза тапқан шетел азаматтарының отбасыларына мәйіттерді жерлеу орындарына дейін тасымалдауға көмек көрсетілетін болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама