×

«Әрбір бесінші жас есірткінің дәмін татып көрген»: Астанада нашақорлықпен күрес тұжырымдамасы әзірленді

Қазақстанда 108 мыңнан астам адам психоактивті заттарды қолданғандардың бақылауында тұр

 Айнұр Шошаева 30.11.2023 | 11:05
коллаж: Halyq Uni/inbusiness.kz-те жарияланған сурет пайдаланылды

Астанада «Есірткісіз елорда» тұжырымдамасы әзірленді. Жоба құны 300 млн теңге деп бағаланған, деп хабарлады Halyq uni.

Қалалық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайрат Қамбаровтың айтуынша, 2023 жылғы ресми статистикаға сәйкес, елордада 14-34 жас аралығындағы жастардың саны 440 мыңды қамтиды. Статистика бойынша Қазақстанда психоактивті заттарды қолдану салдарынан динамикалық бақылауда 108 мыңнан астам адам тұр. Оның ішінде есірткіге тәуелді 18 243 адам бар.

ІІМ деректеріне сәйкес, биыл сотталғандар – 1200 адам, оның ішінде 800 адам есірткіге байланысты алғаш рет сотталған. Биыл тамыз айында синтетиканың 270-тен астам түрі табылды. Мысал ретінде мифидон, альфа, ПВП, МДМ, фентонил және т.б. Жалақы бойынша келетін болсақ, орташа алғанда салымшының табатын табысы 1,2 млн теңге болады. Көбінесе кәмелетке толмаған жастар жұмысқа телеграм боттар арқылы орналасады, -деді ол.

Нашақорлықтың алдын алу үшін қалада арнайы тұжырымдама әзірленген. Онда профилактикалық жұмыс арқылы 300 мың адамды қамту көзделген: 16 тұрғын үй алабы, 22 базар мен 10 сауда нүктелерін қамту жоспарланып отыр.

Сонымен қатар нашақорлықтың алдын алу жөніндегі штаб құру көзделеді. Оның құрамында психолог, интернет талдаушылар, киберқауіпсіздік жөніндегі сарапшылары, ЖОО мен колледж, мектептердің үйлестірушісі және қаладағы есірткі жармаларын бояумен айналысатын жедел әрекет ету тобы болады дейді жоба жетекшілері.

Бұған қоса, мектеп оқушыларына арналған арнайы ойын элементтері бар қосымшаны құру жоспарланған. Үздік ойыншы анықтап, оны премиум смартформен марапаттау үшін салауатты өмір салты туралы комикстер мен куиздер жариялай отырып, профилактикалық мазмұнды зертелеу бойынша апта сайынғы тапсырмалары бар қосымша әзірленеді. Сондай ақ арнайы студенттік ұяшықтарды құру, ЖОО мен колледждерде халықаралық стандарттарға сәйкес келетін жүз тренинш өткізу, анонимді нашақорлық және психологиялық көмекті қамтитын QRпен жұмыс істейтін интерактивті стендтер құру жоспарланған. 500  профилактикалық іс шаралар ұйымдастыру. TikTok, Instagram және Facebook  желісінде 50 бейнеролик, 2000 респондентті қамтитын зерттеу өткізіп, әлеуметтік желілердеге түрлі контент әзірлеп, челлендж жариялау арқылы 500 жүз мың адамды қамту жоспарланып отыр. Жобаның жалпы   сомамы 300 млн теңгені құрайды, -деп қосты басқарма басшысы.

Режиссер Бейбітжан Муслимов есірткімен күресу үшін «Форум театр» жобасын ұсынды. Әзірге бюджеті белгісіз, бастапқыда екі қойылымды қоюға дайындық жүргізу үшін сахна қажет деп отыр. 
«Ол қойылымы көрермен мен актерлердің өзара әрекеті негізінде өтетін интерактивті театр. Оның ерекшелігі онда психологтар мен басқа да мамандар қатысып, жұмысты күшейтетін болады. Ол әдеттегі театрдан өзгеше болады, олар бір залда болып, спектакльге қатысып, оның өрбу желісін өзгерте алады. Есірткіден бөлек балалар жиі тап болатын буллинг мәселесі де қозғалады. Балалар психологтармен бірге оны шешу жолдарын іздейтін болады. Қазір екі спектакль алып отырмыз, бірі буллинг пен суицид тақырыбына арналған. Екіншісі есірткі тақырыбына арналады. Қазіргі Z ұрпақ бәрін басқаша қабылдайды. Сондықтан мәселені жеткізудің басқа, тың жолдарын іздеу керек. «Форум театры» бұл жұмыста таптырмас әдіс болады деп ойлаймын», - деді режиссер.

«Астанада есірткінің барлық түрі бар»

Мәслихат депутаты Кендебай Адамбековтің пікірінше, транзиттік ел болғандықтан, Қазақстанда есірткінің барлық түрі бар.

Әлемде шығатын герониннің 70 пайызы Ауғанстанда шығып отыр. 2022 жылдың нәтижесі бойынша ол жақта тәліптер заң шығарса да, есірткіні өсіру 32 пайызға өсіп, ол елде 3 млн адам бұл индустриядан жұмыс істеп жатыр. Бұл есірткінің Қазақстан арқылы өтетініне кәміл сенімдімін. Қазақстан бойынша өткенімен оңтүстік өңірлерде, Қарағанды мен Астанада қалып жатыр. Кейінгі анықталған 2 келі гашиш соның көрінісі. Кейінгі кезде құқық қорғау органдары таблетка ғана бар деп айтады, мен онымен келіспеймін. Бізде бәрі бар: герион, опуим, марихуана мен гашиш, жаңа синтетика да бар. Сондықтан жаңа тұжырымдама, жоспар жасағанда осыған құқық қорғау мәселесіне көбірек көңіл бөлу керек шығар, - деді ол.

Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысының айтуынша, елордадағы нашақорлық туралы нақты статисткалық деректерді ешкім бере алмайды.

Мысалы наркологиялық диспансерде 1300 адам тұр. Нашақорлар өте көп. Елордада 440 мың жас бар деп бекер айтқан жоқпын, соның 20-30 пайызының бәрі нашақор деп айтпаймын, бірақ дәмін көргендер. Егер оның бәрі барып тіркелетін болса, бізде статистикалық мәліметтер дұрыс болар еді. Біздің бастапқы жұмысымыздың бағыт-бағдары профилактика және кейіннен таралып жатқан телеграм-боттарды бұғаттау болып отыр. Сондай-ақ қалада рейд ұйымдастыру. Қаланың шеткі аудандары мен камера орнатылмаған көшелері бар, сол жерде белсенді жастармен бірлесіп, есірткі жарнамасын жою, - деді Қайрат Қамбаров. 

«Әрбір бесінші жас есірткінің дәмін татып көрген»

«Есірткісіз болашақ» корпоративтік қорының атқарушы директоры, 2021 жылы БҰҰ-да ұлттық консультанты Жандос Ақтаев аталған тұжырымдамада не себепті контент дайындауға ерекше мән беріліп отырғанын түсіндірді.

Себебі әртүрлі жастағы жастармен жұмыс істейміз. Қазір тәуекел тобындағы негізгі жас тобы – ол мектеп оқушылары мен колледж студенттері. Біз ЖОО студенттерін профлилактикалық жұмыстарға араластырып, осылайша оларда есірткіге қарсы иммунитетін қалыптастыруды көздейміз. Қазір барлық Орталық Азия елдерінің бәрінде осындай тұжырымдаманы әзірлеуге көмектесіп жатырмыз, - деді спикер.

Оның пікірінше, тұжырымдаманы әзірлегенде халықаралық тәжірибені ескеріп, енгізу керек. Алайда әр өңірдің өзіндік ерекшелігін ескеруді ұмытпаған жөн деп есептейді.

«Бұл жерде басты назар профилактикаға негізделген. Яғни, жастардың есірткіні бірде-бір рет қабылдауына жол бермеу туралы айтып отырмыз. Сондықтан жастарды тарту ауқымына баса көп көңіл бөлініп отыр. Бұл жерде негізгі күш әлеуметтік қызметкерлер мен психологтарға түседі. Қазір емханалар мен жастар орталықтарында білікті психологтар жұмыс істейді. Бірақ олар ол психологтар өздеріне кім келеді деп күтіп отырады. Біздің жобадағы психологтар проактивті, яғни олар тәуекел тобына өздері барып,  есірткіге тәуелділікті болдырмауы үшін жастармен жұмыс істейтін болады. Бір сөзбен айтқанда, проактивті жұмыс жүргізіледі. Себебі әрбір бесінші жас есірткінің дәмін татып көрген», - деп қосты Жандос Ақтаев. 

Биыл есірткімен күреске бюджеттен 52 млн теңге бөлінген 

 Мәслихат депутаты Бекзат Жолжақсынов нашақорлықты анықтау үшін эксперсс-тест өткізудің еш пайдасы жоқ деп есептейді. Оның себебін депутат  есірткінің компоненті өзгеріп тұратынымен түсіндірді. Ал әріптесі Нұрлан Өтешевтің пікірінше тұжырымдаманы іске асыру үшін 300 млн жеткіліксіз болады.

300 млн теңгеге ешқандай нәтижеге қол жеткізе алмайсыздар. Неге десеңіз, ақпараттандыруға қарастырылған қаржы өте аз. Жоқ деп айтуға болады. Қаржы контентті шығаруға ғана көзделіп отыр. Оның сапасы, өлшемі де өте аз болады. Интерактивті қосымшаны жасау және оны жастар үшін тартымды ету арзан болмайды. Қаржыны қайтадан қарастырып, жастар жететіндей жоба жасау керек, - деді ол. 

Тағы бір мәслихат депутаты Сәуле Сәмидин тұжырымдама тек нашақорлықпен күреске арналмай, буллинг, суицид мәседесін де қамту керек деп есептейді.

Есірткі, буллинг, суицидпен күрес жөніндегі бағдарлама болуы керек. Бұл мақсатта арнайы штаб та құру қажет. Алайда штабты тек есірткімен күресу мақсатында құрмай, бұл тақырыпты біріктірген дұрыс сияқты. Тұжырымдаманы іске асыру нәтижесінде 500 мың жасты қамту көзделіп отыр. Әлеуметтік желідегі контент бүкіл республикаға тарайды, демек біз елорданың жергілікті бюджетінен бүкіл республиканы қамтитын боламыз, - деді Сәмидин.

Астана әкімдігінде есірткімен күрес мәселесімен бес бірдей мемлекеттік мекеме айналысады. Мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов ол жұмыс тиісті нәтиже бермей отыр дейді.

«Нақтылап келгенде ешқайсының жауапкершілігі жоқ. Мысалы, осы жылы осы бес мекемеге есірткіге қарсы күрес жұмысына біз 52 млн теңге қаржы бөліппіз. Көзбояушылық, ондай жұмыс керек емес. Осы қаржыны бөліп, есірткіні жеңеміз деп кеудемізді қағып, абырой жинамай-ақ қояйық. Бұл тапсырманы былтыр берген едік, әйтеуір тұжырымдаманың жобасын жасап әкелді. Бірақ бұл тұжырымдамаға нақты, кешенді іс-шаралар жоспары қажет», - деді хатшы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама