Бір адамның жағдайы орташа ауыр
Алматыдағы хостелден шыққан өрттен зардап шеккендердің біреуі – студент. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, сағат 10:20-дағы жағдай бойынша Әди Шәріпов көшесіндегі өрттен зардап шеккен 4 адам Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына жеткізілген. Науқастың бірі – 1996 жылғы әйел көмірқышқыл газымен улану диагнозымен ауруханаға жатқызылды. Оның жағдайы – орташа ауыр, тұрақты.
Тағы 3 науқас барлық тексеруден кейін ұсыныстармен амбулаторлық емдеуге жіберілді. Үш науқастың бірі – 1999 жылғы студент, Үндістан азаматының қолы жараланған. Барлық зардап шеккендерге толық көлемде қажетті медициналық, соның ішінде психологиялық көмек көрсетіледі, – делінген хабарламада.
Өрт орнына 7 жедел медициналық қызмет бригадасы жұмылдырылды.
Еске сала кетсек, бұған дейін Алматыда хостел өртеніп, 13 адам көз жұмғанын хабарлаған болатынбыз. Оқиға орнынан қазір 59 адам эвакуацияланды. Онда негізінен Пәкістан және басқа елдердің азаматтары тұрған. Қаза тапқандардың жеке басына қатысты дерек нақты анықталғаннан кейін беріледі.