×

Петропавлда Қазақстанның тәуелсіздігін мойындамайтынын ашық айтқан 4 адам сотталды

Алауыздықты ұйымдастырушы деп танылған 48 жастағы слесарь 9 жылға сотталды

 Халық үні 28.11.2023 | 20:51
Фото: әлеуметтік желіден

Петропавлда Қазақстан тәуелсіздігін мойындамайтынын ашық айтып, өзара «Халық кеңесі» ұйымын құрған сепаратистік пиғылдағы 4 азаматқа сот үкім кесті. Ел ішіне іріткі салушылардың жетекшісі 9 жыл, ал белсенді 3 мүшесі 7 жылдан жаза арқалады. Бұл ұйымның қалған мүшелері сотқа куәгер ретінде қатысқан, деп хабарлады КТК телеарнасы.

Біздің қолымызда мамандардардың зерттеуі, куәландыратын барлық құжаттар бар. Фактілер дәлелденді. Сарапшылардың, саясаттанушылардың кешенді сараптамасы, бұлтартпас дәлелдерін ескере отырып, сот үкім кесті, - деді Петропавл сотының судьясы Алмас Жұмағазин.

Алауыздықты ұйымдастырушы деп танылған 48 жастағы слесарь 9 жылға сотталды. Ал 37, 40 және 52 жастағы 3 әйелдің әрқайсысы 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Олар қауіпсіздікті ыдыратуға үгіттеу, елдің біртұтастығы мен тұтастығын ыдыратуды насихаттау баптары бойынша кінәлі деп танылды.

Жұртшылықтың наразылығын туғызған бұл оқиға наурыз айында болған. Петропавлдың 19 тұрғыны өздерін Кеңес Одағының мұрагерлеріміз деп жариялап, «Халық кеңесі» ұйымын құрып, Қазақстан тәуелсіздігін мойындамайтынын ашық айтып, жаһанға жар салған. Бұл әрекетін бейнетаспаға түсіріп, ғаламторға жариялаған. Көп кешікпей, сепаратистік пиғылдағы олардың әрекеті тергеліп, қамауға алынған болатын. Енді осы заңсыз әрекеттері үшін 4 адам жазаланды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама