×

Алматының бір ауданында биыл 12 көше жолдары жөнделді

Бұл – өткен жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 2 есе көп

 Халық үні 27.11.2023 | 16:51
Фото: Алматы қаласы әкімдігінің бапасөз қызметі

Биыл Әуезов ауданының аумағында жалпы ұзындығы 11,4 шақырым болатын 12 көше мен өтпежолдар жөнделді, деп хабарлады Әуезов ауданының әкімі Абзал Егембердиев Алматыдағы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында.

Оның айтуынша, осы жұмысты жалғастыру аясында аудан әкімдігі 2024 жылға 32 көше мен өтпелі жолдарды орташа жөндеу бойынша өтініш жолдаған.

Биыл орталықсыздандыру аясында бізге жолдарды ағымдағы жөндеу бойынша функция берілді. Бүгінде бұл жұмыстар жүргізілді. Жалпы ауданы 52 мың шаршы метрден астам жол жөнделді. Бұл – өткен жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 2 есе көп, – деді Абзал Егембердиев.

Сондай-ақ ол ағымдағы жөндеумен 1300-ден астам учаске қамтылғанын атап өтті. Оған 45 магистральдық көше мен жеке сектордағы көшелер, сондай-ақ 4 шағын аудандағы өтпелі жолдар мен аулаішілік жолдар кіреді. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5 есе көп. Сондай-ақ биыл Әуезов ауданында 200 люк ауыстырылады.

Бұдан басқа, ұзындығы 4,5 шақырым Төле би көшесін ұзарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның ішінде Әуезов ауданы бойынша 2,2 шақырым бар.

Жұмыстарды аяқтаудың жоспарланған мерзімі – 2025 жылғы желтоқсан. Ал 2024 жылы ұзындығы 1,2 шақырым Жұбанов көшесін ұзарту жүргізіледі. Оны аяқтау 2026 жылға жоспарланған. Сонымен қатар, жалпы ауданы 18 мың шаршы метр техникалық тротуарларды жөндеу аяқталып жатыр. Олар магистральдық көшелер бойымен, сондай-ақ тұрғындардың өздері салған «жолдар» деп аталатын учаскелерде жөнделеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама